Ресейде тұзаққа түсіп, соғысқа әкетілген қазақстандықтар туралы заңгер шұғыл мәлімдеме жасады
Заңгер Мейірман Шекеев Украинадағы соғысқа жіберілген қазақстандық жеті азаматтың майдан шебінен шығарылып, Ресейдің Воронеж қаласына жеткізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Заңгердің айтуынша, азаматтардың елге оралатын күні де алыс емес болуы мүмкін, жұмыс жалғасып жатыр.
«Алла қаласа, балалардың жетеуі соғыс шебінен алдырылып, Воронежге жеткізілді. Елге келетін күн де алыс емес сияқты. Лайым, жақсы жаңалық көп болғай», – деп жазды Мейірман Шекеев.
Бірнеше күн бұрын Украинадағы соғысқа жіберілген азаматтардың ата-аналары Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ғимараты алдына жиналып, көмек сұраған еді. Олар журналистерге балаларының тағдырына алаңдап отырғандарын айтып, мәселені шешуге ықпал етуді өтінді.
Еске салайық, бұған дейін бір топ қазақстандық Ресейден видеоүндеу жариялап, көмек сұраған. Олардың айтуынша, олар көрші елге күзетші болып жұмыс істеуге барған. Алайда кейін Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасауға мәжбүр болғандарын және Украинадағы соғысқа жіберілгелі жатқанын мәлімдеген.
Соңғы жаңалықтар