Ринат Зайытов: Ауылдарымыз жабылып қала ма деп қорқамын

27.07.2026 17:03 Томирис САҒЫНДЫҚ
Ринат Зайытов: Ауылдарымыз жабылып қала ма деп қорқамын
51
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Танымал айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Ринат Заитов ауылдардың бүгінгі ахуалы мен болашағына қатысты терең алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, урбанизация қарқыны мен инфрақұрылымның кенже қалуы салдарынан алдағы уақытта талай елдімекеннің картадан мүлдем жойылып кету қаупі жоғары, деп хабарлайды Politico.kz.

Депутат ауылдардағы әлеуметтік-экологиялық және экономикалық кедергілердің кесірінен халықтың қалаға үдере көшіп жатқанын атап өтті.

Бұл туралы ол «Адал адам» бағдарламасында айтты.

«Болашақта ауылдарымыз жабылып қала ма деп қорқамын. Қазіргі таңда урбанизация үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Ауылға барып, қоныстанғысы келетін адамдар өте сирек. Ал барғандардың өзі жер мен жұмыс мәселесінде көптеген қиындыққа тап болады. Тіпті аурухана, мектеп, балабақша сияқты қарапайым инфрақұрылымның өзі жетіспейді. Негізінен, ауылға көп нәрсенің де қажеті жоқ, бірақ соның өзі қазір тоқырауға ұшырап отыр», – деді Ринат Зайытов.

Сонымен қатар депутат ауылдағы ер азаматтардың екі қолға бір жұмыс таппай, қалаға ағылуына себеп болып отырған жұмыссыздық түйткілін де сөз етті.

«Ауыл жойылса, мемлекеттің де ұзаққа шыдауы күмәнді. Ауылсыз елдің болашағын елестету қиын. Қазір жасанды интеллект, озық технологиялар мен техниканың дамып жатқанын айтып жатырмыз. Прогрестің бәрі – бір күндік дүние. Аяқасты дағдарыс немесе соғыс сияқты нәубет төнетін болса, сол технологиялардың барлығы мәнін жоғалтады. Адамзат үшін әрқашан өзекті болып қалатын құндылықтар – ол білім мен азық-түлік. Ал тағамның негізгі көзі – ауылда. Өкінішке қарай, бүгінде ауылдағы мал шаруашылығында да, егіншілікте де, өнім өндіру мен оны өткізуде де кедергілер өте көп. Осының салдарынан ауылдағы ағайын екі қолға бір жұмыс таппай, амалсыздан қалаға ағылады. Кезінде ауылда еңбек етіп, нәпақасын тапқан азаматтар қазір қалада тасымалдаушы болып жүр», – деді ақын.

Войдите, чтобы оставить комментарий