Роза Рымбаева: Бет-аузын тұмшалап алған қыздарды түсінбеймін

21.09.2026 11:36 Томирис САҒЫНДЫҚ
Роза Рымбаева: Бет-аузын тұмшалап алған қыздарды түсінбеймін
370
Фото: видеодан скриншот

Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева қоғамдағы тіл мәселесі, ұлттық болмыс пен заманауи қыздардың киім кию салты туралы пікір білдірді. Әнші өз сөзінде қазақ тілін білмейтін азаматтарды біржақты айыптауға болмайтынын айтып, тәрбие мен ортаның әсерін сөз етті. Сонымен бірге өнер иесі ұлттық құндылықтар мен эстетика мәселесіне де кеңінен тоқталып өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Әнші бұл туралы тележүргізуші Гүлбаршын Заирға берген сұқбатында әңгімеледі.

Халық әртісі ана тілін білмейтін ортада өскен азаматтардың жағдайына түсіністікпен қарау керектігін жеткізді. Ол өзінің шығармашылық ұжымында бірге жұмыс істейтін композитордың өмірлік мысалын мысалға келтірді. Балалық шақтан басталған тілдік ортаның әсері адамның кейінгі өміріне тікелей ықпал ететінін атап өтті.

«Өз тілінде сөйлемейтіндерге қатты кінә тағуға болмайды. Көзін ашқаннан оны орыс балабақшасына берсе, оның үстіне үйінде әке-шешесі орысша сөйлесе, содан кейін оны орыс мектебіне берсе, ол қайтсін? Орыс мектебінде оқыған Еркен Ынтықпаев: «Біздің мектепте оқушылардың 100 пайызы орыс, тек екі-үш-ақ қазақ баласы болды», – дейді. Мектепте екі-үш-ақ қазақ болдық. Оның өзінде үйде де әке-шешеміз орысша сөйлейді, балабақшада да, мектепте де орысша. Енді ол кінәлі емес қой. Ол түсінуін түсінеді. Ол – менің композиторым, сүйікті композиторым. Сөйлей алмайды, ақырын ғана сөйлейді. Өйткені ол іштей аударады, ал аудару үшін қазақша кітапты тағы да көп оқу керек», – деді Роза Рымбаева.

Сондай-ақ әнші азаматтың ұлтқа қосар үлесі мен деңгейі тек тілді меңгерумен ғана шектелмейтінін білдірді. Оның пікірінше, әрбір тұлға ең алдымен өзінің терең мәдениетімен, өрелі білімімен және ішкі парасатымен ұлт интеллигенциясын көрсете алуы тиіс. Бұдан бөлек, өнер иесі қазақ қыздарының шынайы образы ұлттық киім мен эстетика арқылы ашылатынына тоқталды.

«Енді өзіңіз ойлаңызшы: тіл біліп қана ұлтты жоғары дәрежеде көрсетеді деп, мен ол адамға ондай баға бере алмаймын. Тіл білмегені үшін ол ұлтты көрсете алмайды деген де баға бере алмаймын. Біріншіден, ол өзінің мәдениетімен, мінезімен, білімімен қазақ интеллигенциясының қандай екенін көрсететін азамат болуы керек. Мен, жалпы, «Қазақ қызы қандай болуы керек?» деген кезде, мәселе орамалда деп ойламаймын. Қазақ болғың келе ме, қазақтың ұлттық киімін киіп жүрші. Қандай әдемі! Камзолын киіп жүр, шашбауын, сырғасын тағып жүр. Ол – біздің ұлттық киіміміз ғой. Неге өзбек ағаларымыз өмір бойы көйлектерін киіп алады? Апаларымыз да өз көйлектерін киіп жүреді ғой. Қандай жақсы! Олардың өзбек екенін бірден білесің. Сол сияқты біздің қыздар да соны киіп жүрсе екен», – деді әнші.

Сөзін түйіндей келе, халық әртісі кейбір замандас қыздардың киім кию үлгісіндегі жат үрдістерге қатысты пікірін білдірді. Қазақ дәстүріне жат киім үлгілерін киюдің себебін түсінбейтінін жеткізді. Осылайша ол қоғамды дәстүрлі құндылықтар мен төл мәдениетті сақтауға шақырды.

«Бет-аузын тұмшалап алған қыздарды мен түсінбеймін. Кімнен бетін тұмшалап жүр, саған кім қарап жатыр, қарағым-ау? Біреудің көзі тиіп жатыр ма?» – деді жұлдыз.

Войдите, чтобы оставить комментарий