Самарқандтағы шахмат Олимпиадасы: Қазақстан әйелдер құрамасы қатардан екінші рет «күміс» еншіледі
Самарқандта өткен 46-шы Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасы аяқталды. Павел Коцур баптайтын Қазақстан әйелдер құрамасы турнирді бірде-бір жеңіліссіз аяқтап, қатарынан екінші рет күміс жүлдеге ие болды. Ел құрамасы 11 тур ішінде 7 жеңіске жетіп, 4 кездесуді тең аяқтады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл — ұлттық құрама үшін тарихи тұрақтылықтың көрінісі. Бұған дейін шахматшыларымыз 2024 жылы Будапеште өткен Олимпиадада да екінші орыннан көрінген болатын.
Турнирдің үздік үштігі:
1-орын: Қытай — 20 ұпай
2-орын: Қазақстан — 18 ұпай (7 жеңіс, 4 тең ойын, 0 жеңіліс)
3-орын: Үндістан — 17 ұпай
«Алтынға мүмкіндік бар еді»
Құрама мүшесі Меруерт Камалиденованың айтуынша, ел құрамасында бас жүлдені алуға барлық мүмкіндік болған. Әсіресе басты қарсыластар — Қытай мен Үндістанға қарсы кездесулер шешуші рөл атқарды.
— Үндістанмен де, Қытаймен де тең түстік, хош дегенде екі ойында да жеңісті қолдан жіберіп алған сәттеріміз болды. Командалық жарыста жауапкершілік еселей түседі, өйткені тек өзің үшін емес, бүкіл ел мен ұжым үшін өнер көрсетесің, — деді шахматшы.
Бас бапкер Павел Коцур қазіргі құраманың басты ерекшеліктері мен жетістік сырларымен бөлісті:
Қазақстандық шахматшылардың орташа жасы 19 жастан төмен. Құрамада ішкі бәсекелестік өте жоғары.
Бапкердің сөзінше, бойжеткендер өте күрделі позициялардың өзінде соңына дейін шыдап, жеңісті жұлып алуды үйренген. «Біздің қыздар стреспен күресуді бәрінен де жақсы меңгерген», — деп атап өтті Коцур.
Олимпиаданың басты жаңалықтарының бірі — жас шахматшы Елназ Қалиахметтің 2026 жылғы Олимпиадада жекелей сында алтын медаль жеңіп алуы болды.
Әлемнің түкпір-түкпірінен 3000-ға жуық қатысушы жинаған масштабты турнирдің ұйымдастырылу деңгейін де құрама бапкері жоғары бағалап, Өзбекстан тарапының жарысты жоғары деңгейде өткізгенін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар