Санжар Боқаев Антон Бударовқа қарсы сотта жеңді

Алматының Бостандық аудандық соты қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың проресейшіл блогер Антон Бударовқа қарсы азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды. Бұл туралы оның адвокаты Мұрат Адам хабарлады.
Сот шешіміне сәйкес, Антон Бударов жариялаған бейнесюжеттегі Санжар Боқаевқа қатысты айтылған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді деп танылды. Енді блогер видеоны жоюға, жалған ақпаратты жоққа шығарып, оны бір ай ішінде ресми түрде теріске шығаруға міндеттеледі.
Сонымен қатар, сот Бударовтан 500 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы және сот шығындарын өтеуді талап етті. Адвокаттың айтуынша, бастапқыда өтемақы сомасы бұдан да жоғары болған, бірақ сот оны 500 мың теңгеге дейін азайтқан.
Бударов өзінің қорғауында бейнероликтегі адам өзі емес, тек жүргізуші ретінде қатысқанын алға тартып, YouTube арнасының өзіне емес, белгісіз бір БАҚ-қа тиесілі екенін айтқан. Алайда сот бұл уәждерді негізсіз деп таныды.
Адвокат Мұрат Адам сот процесіне байланысты:
"Санжар Боқаев бұл блогер тарапынан айтылған жала мен жалған ақпаратқа ұзақ уақыт бойы төзіп келді. Ресейде жасырын жүрген Бударовтың әртүрлі айлаларын тыңдауға да соттың сабыры жетті. Бостандық аудандық сотына әділ шешімі үшін алғыс білдіремін", – деп жазды.
Соңғы жаңалықтар





