Сарапшы: Құрылтайға заңның «з» әріпін білмейтіндерді сайлау қаншалықты әділетті?
Белгілі заңгер, құқық қорғаушы Нұрсұлтан Орынбек Құрылтай құрамына негізінен орыстілді азаматтардың сайланып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Сонымен қатар ол саяси партиялардың сапына әншілер мен блогерлерді тарту мәселесіне де тоқталып өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы заңгер "Адал Адам" подкастында айтты.
«Біз, негізінен, Құрылтайдан әрқашан жақсылық күтеміз. Оның атауының өзі қазақыланғаны, Сенат пен Мәжілісті таратып, орнына бір ғана ұйым жауап беріп, одан кейін Халық кеңесінің құрылуы — саяси тұрғыдан да, саясаттанушы ретінде де құптайтын құбылыстардың бірі. Бірақ Құрылтай тізіміне сайланған азаматтардың ішіндегі менің ең бірінші аңдаған мәселем — көбіне орыстілділердің баруы. Бұл туралы өз пікірімді жазып, пост жарияладым. Мойындауымыз керек, көбісі орыс тілінде сөйлейді. «Ауыл» партиясынан үмітіміз зор болған еді. «Ауыл» деген аты айтып тұрғандай, қазақ тіліндегі партия қалайша орыс тілінде болуы мүмкін? Сәйкесінше, өкілдері «Жұмыстар жасап жатырмыз» деп мәлімдегенімен, бұл мәселе әлі де күн тәртібінде тұр», — деді Нұрсұлтан Орынбек.
Ары қарай заңгер сөзін нақтылау үшін тіпті қарапайым ауыл әкімдігіне жұмысқа орналасатын азаматтың өзіне қандай қатаң талаптар қойылатынын мысал ретінде келтірді.
«Мен мемлекеттік қызметте де жұмыс істедім. Қарапайым әкімдікке кіру үшін бірнеше заң бойынша тест тапсырасың, сондай-ақ қазақ тілінен де емтихан тапсырасың. Ол түпкілікті есепке алынбаса да, сіздің қазақ тілін меңгеру деңгейіңізді анықтайды. Бұл — қарапайым ауылдық әкімдікке кіретін адамға қойылатын талап. Ал бүкіл елге «сен бұлай тұрасың, бұлай жүресің, бұлай демаласың» деп заң шығаратын органға, А корпусына заңның «З» әрпін білмейтін адамдарды қою қаншалықты әділетті? Біз «Әділеттілікті қалаймыз» дейміз, соған сәйкес сұрақ туындайды. Иә, ол азаматтар халықтың арасынан шығуы керек, халықтың мүддесін қорғайтын адам болуы тиіс. Сондықтан талап қойылса деймін. Бәрі қолдарында дипломы бар заңгер болуы керек деп айтпаймыз, бірақ сөйлей білетін, белгілі бір курстардан өткен, заңдарды, жүйені және тілді білетіні туралы тексерістен өтсе ғой. Содан кейін ғана «А, бұлар емтихан тапсырды, бұл орынға лайықты екен» деген әділеттілік орнар еді», — деді заңгер.
Оның пайымдауынша, партия құрамына танымал өнер иелері мен блогерлерді жинау кері әсерін тигізеді.
«Ал әнші, блогер немесе басқа сала өкілдерін ешкім де шектемейді, ол — олардың өз құқығы. «Қазаншының өз еркі» демекші, партиялардың өздері біледі. Бірақ «А корпусы» деген — жай сөз емес. Ол — басқарушы деңгейдегі, елдің тағдырын шешетін адам. Ол қалайша заңды білмеуі мүмкін? Оны оқу — бір бөлек, түсіну — бір бөлек. Бірақ заң шығаратын адамның заң білмеуі қаншалықты әділетті?» — деді Нұрсұлтан Орынбек.
Соңғы жаңалықтар