Сәтпаев: Ресей мен Украина соғысынан ең көп пайда тапқан Қытай болды
Танымал саясаттанушы Досым Сәтпаев халықаралық аренадағы күрделі ахуалға қатысты өз пайымын білдірді. Ол Ресей мен Украина арасындағы қанды қақтығыс Қытайға қандай геосаяси артықшылықтар алып келгенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, сарапшы Президент Тоқаевтың Мәскеуді соғыс өртін уақытша бәсеңдетуге үндеуінің артында қандай астарлы мүдделер мен экономикалық факторлар жатқанын егжей-тегжейлі саралап берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол Delfi Литва басылымына берген сұқбатында айтты.
«Си Цзиньпин Омбыда болып, Тоқаевпен кездесті. Мұнда өте маңызды бір аспект бар. Қытай тарапы қақтығыстардың ушығуы, соның ішінде Украина мен Ресей арасындағы соғыс, сондай-ақ Таяу Шығыстағы жағдай қазіргі сәтте өздеріне де тиімсіз екенін жақсы түсінеді. Иә, бастапқы кезеңде Ресей мен Украина арасындағы текетірестен ең көп пайда тапқан, шын мәнінде, Қытай болды. Осы соғыстың салдарынан Ресей көптеген сала бойынша Қытайға тәуелді болып қалғанын көріп отырмыз. Бір жағынан, Бейжіңге Ресейдің посткеңестік кеңістікте Қытаймен бәсекелесе алмайтындай деңгейде әлсірегені тиімді. Бірақ екінші жағынан, Қытай Ресейдің толық күйрегенін де қаламайды. Бұл ел Бейжің үшін Батыс пен НАТО-ға қарсы тепе-теңдікті сақтайтын маңызды саяси салмақ ретінде қажет. Сол себепті Қытай бұл қақтығыста Ресейге жасырын түрде қолдау білдіріп, «сұр импорт» пен санкцияланған тауарлардың жеткізілуіне көз жұмып келеді. Дегенмен, бұл тығырыққа тірелген жағдай екенін Бейжің де ұғынып отыр. Әсіресе, мұнай нарығындағы соңғы дағдарыстар, Ормуз бұғазындағы шиеленіс және Ресей-Украина соғысы салдарынан өзге де нарықтарға шикізат жеткізудің шектелуі жағдайды одан әрі күрделендірді. Осының салдарынан Қазақстанда да белгілі бір түйткілдер туындады», — деді Досым Сәтпаев.
Оған қоса, сарапшы бұл соғысты уақытша тоқтата тұру туралы ұсыныстың артында кімдердің астарлы өтініші тұрғанына қатысты өзіндік болжамдарын да ортаға салды.
«Егер бұл Бейжіңнің бастамасы болса, логикаға сәйкес, Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін Бейжің бұл идеяны бірден қолдап, тараптардың келіссөз үстеліне отыруы қажеттігін хабарлауы тиіс еді. Бірақ ондай ресми реакция болған жоқ. Бұл ойды Тоқаев арқылы жеткізу Қытайдың тікелей тапсырмасы болмаған сияқты. Келесі бір жорамал бойынша, бұл ұсынысты Тоқаев арқылы Нью-Йоркте кездескен, келіссөз үстелінде өз орны жоқ еуропалық көшбасшылар жеткізгісі келген болуы мүмкін. Сондай-ақ АҚШ тарапынан Дональд Трамптың да идеясы болуы мүмкін деген болжамдар айтылды. Алайда Трамптың өз өкілдері арқылы тікелей байланыс орнату мүмкіндігі бар екенін де ұмытпаған жөн. Бұл да ықтимал болжамдардың бірі» — деді саясаттанушы.
Сарапшының пікірінше, қазіргідей жауапты саяси кезеңде бұл қақтығысты уақытша тоқтата тұру Қазақстанның ұлттық мүддесіне толықтай сай келеді. Өйткені ел бюджетінің кірісін азайтпай, қаржылық әлеуетті аман сақтап қалу — мемлекет үшін өмірлік маңызы бар басты басымдыққа айналып отыр.
«Алайда мен өзім прагматикалық әрі шынайы төртінші нұсқаны жақтаймын. Мәселеге басқа қырынан қарап көрейікші: неге Тоқаев бұл мәлімдемені бір, екі немесе үш жыл бұрын емес, дәл қазір жасады? Соғыстың жүріп жатқанына төрт жыл болды. Ал Тоқаев неге дәл қазір бұл қақтығысты тоқтатуға, тым болмаса уақытша тоқтата тұруға шақырып отыр? Себебі өте айқын: Қазақстан алғаш рет бұл соғыстың салдарынан туындаған өзінің экономикалық проблемаларын, яғни ұлттық экономикалық қауіпсіздігіне төнген тікелей қатерлерді сезіне бастады. Каспий құбыр консорциумы (КТК) төңірегіндегі мәселелерді алайық. Шын мәнінде, украиналық ұшқышсыз аппараттардың соққылары өткен жылдан, оның ішінде осы жылдың басынан бері жасалып келеді. Ал бұл инфрақұрылым арқылы қазақстандық мұнайдың 80 пайызы экспортталатыны белгілі. Бұл — ел бюджеті мен Ұлттық қордың негізгі табыс көзі. Сондай-ақ маусым айында Ресей аймағындағы Орынбор газ өңдеу зауытына соққы жасалды. Ал мұнда Қазақстан Қарашығанақ кен орнынан шығатын газды өңдейтін еді. Осы оқиғадан кейін Қарашығанақта көмірсутек өндірісі уақытша қысқартылды. Яғни, Ресейдің Қазақстан қатысатын мұнай-газ инфрақұрылымына, соның ішінде Новороссийск, Усть-Луга және Приморск порттарына жасалған шабуылдар Қазақстан үшін өте үлкен экономикалық тәуекелдер туғызып отыр. Бұл экономикалық қатерлер, өз кезегінде, елдегі саяси жағдайға да тікелей әсер етеді. Себебі тамыз айында Қазақстанда парламенттік сайлау өтеді. Қазіргі уақытта жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты билік транзитінің жаңа кезеңіне дайындық жүріп жатыр. Әрине, мұндай маңызды саяси кезеңде билікке елдегі тұрақтылықты сақтау және әлеуметтік шиеленісті болдырмау ауадай қажет. Ал ол үшін ең алдымен қаржылай ресурс, яғни әлеуметтік саланы үздіксіз қаржыландыру мүмкіндігі керек», — деді Досым Сәтпаев.
Соңғы жаңалықтар