Семейде тірі шақалақты қоқысқа тастаған екі полицей сотталып жатыр

09.09.2026 11:19 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Семейде тірі шақалақты қоқысқа тастаған екі полицей сотталып жатыр
274
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында жаңа туған сәбиді қоқысқа тастап өлтірді деп айыпталған екі адамға қатысты сот ісі жүріп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот барысында оқиғаның жаңа әрі маңызды деректері белгілі болды. Сотталушылардың бірі шақалақты тірідей қоқыс контейнеріне тастаған. Нәтижесінде бала суықтан үсіп өлген. Бұл туралы HALYQSTAN арнасы хабарлады.

Прокурор жарыссөзде ер адамды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сәбидің анасына екі жыл жаза тағайындауды ұсынды. Алайда «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» 2026 жылғы 1 шілдедегі заңға сәйкес оны жазадан босатуды сұрады. Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушы олардың екеуін де арнайы шендерінен айыруды талап етті.

Арнаның жазуынша, бұл істегі басты жайттардың бірі күдіктілердің қызметіне қатысты болып отыр. Бейресми ақпарат бойынша, оқиға кезінде қыз бен жігіт ішкі істер органдарында жұмыс істеген.

Ақпан айында Абай облыстық полиция департаменті олардың полиция қызметкері екенін үзілді-кесілді жоққа шығарған болатын.

Облыстық сот баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек 2005 жылғы қыз бен 2000 жылғы жігіт 2025 жылдың қаңтарында кездесе бастаған. Маусым айында олар жақын қарым-қатынасқа түскен. Кейін 20 жастағы қыз жүкті екенін біліп, бұл жаңалықты жігітінен жасырған. Ол сол уақытта құрбыларымен бірге тұрған.

Ақпан айының басында түнгі сағат екі шамасында қыздың толғағы басталған. Ол ешкімге тіс жармай дәретханаға барып, унитазда отырып босанған. Содан кейін жігітіне қоңырау шалып, болған жайтты айтқан. Ол келген кезде қыз сәбиді сүлгіге орап табыстаған.

Жігіт баланы көлікпен Ломоносов көшесіне апарып, қоқыс контейнеріне тастап кеткен. Қыз бала өлі туды деп мәлімдегенімен бұл нұсқа сотта мүлдем расталмады.

Еске сала кетейік бұл оқиға биыл қыста Семей қаласында болған еді. 3 ақпанда Әуезов аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне қоқыс жәшігінен табылған шақалақ туралы хабарлама түскен. Қаланың сол жағалауындағы оқиға орнына жедел-тергеу тобы барған. Ал 10 ақпанда күдіктілердің ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылғаны белгілі болған еді.

Қазір қыз Қылмыстық кодекстің 100-бабы бойынша жаңа туған сәбиін өлтірген ана ретінде сотталып жатыр. Ал жігітіне 99-баптың 3-бөлігімен айып тағылған. Айыпталушылардың адвокаттары бұл әрекетті 104-бапқа, яғни абайсызда қазаға ұшырату бабына ауыстыруды сұрады.

Іс бойынша әлі үкім шыққан жоқ, сот талқылауы келесі отырыста жалғасады.

Войдите, чтобы оставить комментарий