Сенат тарихқа айналды – Қазақстанда қос палаталы Парламент жұмысын тоқтатады

29.06.2026 14:34 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Сенат тарихқа айналды – Қазақстанда қос палаталы Парламент жұмысын тоқтатады
63
Фото: ҚР Парламенті Сенаты

Бүгін Қазақстан тарихындағы қос палаталы Парламенттің 30 жылдық қызметіне нүкте қойылып, Сенат өзінің ең соңғы жалпы отырысын өткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Жаңа Ата заңға сәйкес 1 шілдеден бастап қазіргі Парламенттің өкілеттігі толығымен тоқтатылып, тамыз айында бір палаталы жаңа заң шығарушы орган – Құрылтайға сайлау өтеді.

Бұл саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған реформалардың басты нәтижесі екенін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ерекше атап өтті. Оның сөзінше, жаңа форматтағы бұл өзгерістер ел дамуының келесі кезеңіне жол ашып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға негіз болады.

«Ертең Палаталардың бірлескен отырысында кезекті сессиямыз ресми түрде жабылып, 1995 жылғы Конституцияға негізделген қос палаталы Парламент өзінің отыз жылдық тарихи миссиясын абыроймен аяқтайды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Үш онжылдыққа созылған жұмыс барысында Сенат 890-нан астам жалпы отырыс өткізіп, мемлекет тағдырын айқындаған 3500-ден астам заң қабылдаған. Оның ішінде 350 құжатқа немесе әрбір оныншы заңға тікелей депутаттардың өздері бастамашылық жасапты. Бұдан бөлек халықты алаңдатқан түйткілді мәселелер бойынша Үкіметке 3 мыңға жуық сауал жолданып, шешу жолдары ұсынылған.

«Біздің Палата Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет қағидатына табан тіреп жұмыс істеді, сондықтан егемен еліміз әрі қарай да өсіп-өркендеп, жаңа белестерді бағындыра береді деп толық сенеміз», – деді Сенат төрағасы.

Тарихи кезеңде жалпы саны 246 азамат сенатор мандатына ие болып, ұлттық парламентаризмді дамытуға үлес қосқан. Олардың қатарында Палатаны он жылға жуық басқарған қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Өмірбек Байгелді, Әбіш Кекілбаев, Оралбай Әбдікәрімов, Жабайхан Әбділдин және Халық Қаһармандары Мұхтар Алтынбаев пен Талғат Мұсабаев сынды бірегей тұлғалар бар. Халық қалаулылары үнемі өңірлерге шығып, реформаларды түсіндіру мен жергілікті мәселелерді шешуге баса назар аударғаны айтылды.

Заң шығарумен шектелмей, Сенат халықаралық деңгейде де белсенділік танытып, 11 парламентаралық ұйымның сенімді серіктесіне айналған. Сонымен бірге 20 жылдан астам уақыт бойы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сегіз съезін жоғары деңгейде ұйымдастыру миссиясын да дәл осы жоғарғы палата атқарған.

Биылғы 1 қыркүйектен бастап жаңа форматтағы Парламент – Құрылтай өзінің ресми жұмысына кіріседі деп күтілуде.

Войдите, чтобы оставить комментарий