Астанада үш баланың өмірін қиған өрттің себебі анықталды: қылмыстық іс тоқтатылды

12.10.2026 • 11:40 Мөлдір ҚАЙНАР
Астанада үш баланың өмірін қиған өрттің себебі анықталды: қылмыстық іс тоқтатылды
194
Фото: коллаж politico.kz

Елордада үш бүлдіршіннің өмірін жалмаған алапат өрттен кейін жарты жыл өткенде Төтенше жағдайлар министрлігі қайғылы оқиғаның нақты себебін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Мамандардың қорытындысы бойынша, жалынның тұтануына балалардың отпен абайсыз ойнауы себеп болған. Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Руслан Қайрақбаев от пәтердің ішінде тұтанғанын растады.

«Қазір қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы негізінде тоқтатылды» деді ол.

Қайғылы жағдай 12 сәуірге қараған түні Астана қаласының Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатында болған еді. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар аула ішіндегі бейберекет қойылған көліктердің кесірінен пәтерге бірден жете алмаған. Тіпті көліктердің бірі аулаға кіретін пандусқа тұрып қалып, өрт сөндіру техникасының өтуіне үлкен кедергі келтірген. Құтқарушылар пәтерге кіргенде баспана толықтай қызыл жалынға оранған болатын.

Тілсіз жаумен күрес кезінде пәтер ішінен ауыр күйік алған анасы құтқарылып, ауруханаға жеткізілген еді. Ал 2 мен 13 жас аралығындағы үш қыз бала оқиға орнында көз жұмды.

Сондай-ақ құтқару қызметі сол түні жоғарғы қабаттардан 20 тұрғынды қауіпсіз жерге көшіріп, тағы 40-қа жуық адам ғимараттан өз бетімен далаға шыққан. Салдарынан қозғалған қылмыстық іс оқиғаның мән-жайы толық анықталған соң ресми түрде жабылды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий