Шахматшы Бибісара Асаубаева министрліктің жауабынан кейін шенеуніктерді қатаң сынға алды

11.06.2026 13:51 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Шахматшы Бибісара Асаубаева министрліктің жауабынан кейін шенеуніктерді қатаң сынға алды
305
Фото: instagram.com/bibisarachess

Қазақстандық танымал шахматшы Бибісара Асаубаева Туризм және спорт министрлігінің мәлімдемесіне қатысты үн қатты. Спортшы өзінің Instagram парақшасында министрліктің ұстанымы Президент бағытына қайшы келетінін айтып, шенеуніктерге өткір жауап қайтарды, деп хабарлайды Politico.kz.

Асаубаева ведомствоның «шахмат басымдық берілмейтін спортқа жатады» деген ресми жауабын бірнеше рет қайталап оқығанын жасырмады. Оның айтуынша, бұл тіркес мемлекет басшысының саясатымен мүлдем қабыспайды.

«Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ХХІ ғасырда басты ресурс шикізат емес, білім екенін айтып, елдің стратегиялық бағытын айқындаған еді. Әлемнің жетекші елдерінде шахмат – жай ғана спорт емес. Бұл стратегиялық ойлау, интеллектуалдық капитал және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің белгісі. Егер шахматқа басымдық берілмесе, онда қарапайым сұрақ туындайды: Президент мені қандай еңбегім үшін ІІ және ІІІ дәрежелі "Барыс" ордендерімен марапаттады?» — деп жазды ол.

Қазіргі таңда әлемдік рейтингте 5-орында тұрған спортшы министрліктің жауабынан нақты қорытынды шығарған. Ол елдің интеллектуалдық болашағына қаржы құйып жатқан нағыз патриоттар мен инвесторлар шенеуніктер емес, өз ата-анасы екенін кесіп айтты. Шахматшы Қазақстанның болашағы білім мен ғылымға, адами капиталдың сапасына тікелей байланысты екеніне сенімді.

«Спорт министрлігінің ұстанымы Президенттің бағытына сәйкес келе ме – маңызды сұрақ осы. Өйткені шахматқа деген көзқарас – интеллектіге деген көзқарас. Ал интеллектіге деген көзқарас – елдің болашағына деген көзқарас. Спорт министрі мүлдем басқа бағытпен кетіп бара жатқан сияқты», — деп мәлімдеді Асаубаева.

Бұл дау осыған дейін шахматшының Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жолдауынан басталған. Онда ол жалақының қысқаруы мен қолдаудың аздығын ашық айтты. Асаубаеваның сөзі қоғамда үлкен резонанс тудырып, Туризм және спорт министрлігі шұғыл баспасөз жиынын өткізуге мәжбүр болды. Жиын барысында вице-министр Серік Жарасбаев шахматшының шағымын жоққа шығарды. Ол Мемлекет басшысының марапаты неліктен әлі күнге дейін табысталмағанын түсіндіріп, спортшылардың қазір ұлттық намыстың орнына қаражатты бірінші орынға қоятынын айтқан болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий