Неліктен Тоқаев берген орден Асаубаеваға әлі күнге дейін табысталмаған?

10.06.2026 17:49 Әсел МҰРАТ
Неліктен Тоқаев берген орден Асаубаеваға әлі күнге дейін табысталмаған?
81
Фото: ашық дереккөз
ЖАЛҒАСЫ

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваға берілген мемлекеттік награда оған Қазақстанға оралған соң табысталады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы шахматшының спорттағы жоғары жетістіктеріне лайықты баға беріп, Бибісара Асаубаеваны II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойған.

Алайда бүгінге дейін марапатты табыстау мүмкін болмаған. Вице-министрдің сөзінше, бұған шахматшының халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына байланысты аса тығыз жұмыс кестесі себеп болған.

«Біз Бибісараны бірнеше рет ресми іс-шараларға шақырылғандар қатарына қостық. Алайда сол кезеңдерде ол жарыстарға дайындалып жатқандықтан, аталған шараларға қатыса алмады. Бибісара Қазақстанға оралып, жұмыс кестесі біршама реттелген соң мемлекеттік награда өз иесіне табысталады», – деді Серік Жарасбаев.

Еске сала кетейік, Бибісара Асаубаева – Қазақстанның ең табысты әрі ең көп жетістікке жеткен шахматшыларының бірі. 2026 жылдың басында ол өз мансабында үшінші рет блиц шахматтан әлем чемпионы атанып, алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ беделді Norway Chess 2026 турнирінің жеңімпазы атанды. Қазіргі уақытта әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте бесінші орында тұр.

Бүгін қазақстандық шахматшы, халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Бибісара Асаубаева Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап үндеу жолдады. Norway Chess 2026 турниріндегі жеңісінен кейін спортшы халықаралық жарыстарға дайындықты қаржыландыру мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, айлығының азайғанын, федерация жалақысын бермегенін айтты.

Войдите, чтобы оставить комментарий