Шенеуніктің жұдырығы мықты
Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мұрзиев Ыстамбұлда өткен шотокан каратэден әлем чемпионатында топ жарып, алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Politico.kz порталы «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап.
Sportdata турнир жүйесінің мәліметіне сүйенсек, 16 рет ұйымдастырылған бәсекенің 45–54 жас санатында өнер көрсеткен қазақстандық спортшы бірде-бір рет ешкімге есе жібермеген. Ол алғашқы жекпе-жегінде англиялық Майк Линчті 2–0 есебімен ұтып, келесі айналымда да дәл осындай нәтижемен жеңіске жеткен.
Түркия, Әзірбайжан, Ұлыбритания және Африка елдерінен келген мықтылар жиналған жарыстың жартылай финалында Мұрзиев Кот-д’Ивуар өкілі Франк Лоусонды жолынан ысырып, ақтық сында да қарсыласын тізе бүктірген.
Чемпион атанған Марат Мұрзиев қазіргі таңда Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарады, ал бұған дейін ол осы өңірдегі бірнеше ауданды басқарған. Еңбек жолын 2003 жылы Атырау қаласының табиғатты қорғау прокурорының көмекшісі болып бастаған шенеунік заңгер және экономист мамандықтары бойынша қазақ гуманитарлық-заң университеті мен Тұрар Рысқұлов атындағы жаңа экономикалық университетті тәмамдаған.
Соңғы жаңалықтар