Щучинскте 12 адамның өмірін қиған кафедегі жарылыс: үкім шықты

07.09.2026 13:04 Әсел МҰРАТ
Щучинскте 12 адамның өмірін қиған кафедегі жарылыс: үкім шықты
152
Фото: Ақмола облыстық ТЖД

Бурабай аудандық соты Щучинскідегі «Центр плова» кафесінде болған жарылыс пен өртке қатысты қылмыстық іске нүкте қойды. Сот үш сотталушыны кінәлі деп танып, олардың әрқайсысына 6 және 7 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиға салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам жарақат алған.

Қайғылы жағдайға не себеп болған?

Сотта анықталғандай, кафе басшысы М. нысанда өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған.

Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану орнында газ баллондары пайдаланылған. Баллондар жылыту радиаторларына жақын жерде сақталған. Бұған қоса, қызметкерлер мен газ жабдығын пайдалануға жауапты тұлғаларға қажетті нұсқама жүргізілмеген.

Газ баллондарын кафе үшін Д. есімді азамат жеткізген. Оның газды сату және жеткізу қызметін жүзеге асыруға рұқсаты болмаған.

2026 жылы 25 ақпанда ол кафеге екі газ баллонын әкелген. Кейін олардың біреуі жарылған. Сот мәліметінше, баллонға рұқсат етілген мөлшерден артық газ толтырылған.

Ал С. есімді жанармай құю станциясының директоры тұрмыстық газ баллондарына газ толтыруды тиісті құжаттарсыз және қажетті жабдықтарсыз жүзеге асырған. Сотта баллондардың толтырылуын бақылайтын өлшеу құралдары мен арнайы оқытылған қызметкерлердің болмағаны анықталды.

Баллон жарылып, өрт шыққан

Соттың мәліметінше, газ баллонының шамадан тыс толтырылуы және оның жылыту радиаторының жанында сақталуы газдың қызуына әкелген. Соның салдарынан баллон ішіндегі қысым артып, оның қабырғасы жарылған.

Осыдан кейін өрт шыққан. Қайғылы оқиға кезінде 12 адам қаза тауып, 11 адам түрлі жарақат алған. Сонымен қатар ғимарат иесіне 19 млн 250 мың 112 теңге көлемінде материалдық шығын келген.

Сот сотталушылардың кінәсін өрт туралы акт, оқиға орнын тексеру хаттамасы, бейнебақылау жазбалары, куәлар мен жәбірленушілердің жауаптары, сараптама қорытындылары және басқа да іс материалдары дәлелдейтінін атап өтті.

Үш адамға үкім шықты

Сот үкімімен барлық үш сотталушы өздеріне тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды.

Кафені жалға алушы – 7 жылға, автогаз құю станциясының директоры  – 7 жылға, ал газ баллондарын жеткізуші – 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот сондай-ақ 16 жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырды.

Бұдан бөлек, сот облыс әкіміне жеке қаулы шығарды. Онда қоғамдық тамақтану орындарындағы өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмысты ұйымдастыру және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылына қатысты анықталған кемшіліктер көрсетілген.

Сот бұл кемшіліктердің себептері мен салдарға әкелген жағдайларды жою үшін тиісті шаралар қабылдауды ұсынды.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий