Сүйінбек Қасмамбетов: Қазақстан мен Қырғызстан бірігіп алады деп қорқып жүргендер бар
Түркі дүниесіндегі екі ұлы мемлекеттің ынтымағы мен бірігуі кейбір сыртқы күштерге қорқыныш тудыруы да ықтимал», — деп мәлімдеді Қырғызстанның мемлекеттік қайраткері Сүйінбек Қасмамбетов. Сондай-ақ ол сөз арасында қос халықтың бауырластық байланысын бекемдей түсетін мәдени-рухани шаралардың маңызына тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында айтты.
«Ақпараттық майданда түрлі амал-тәсілдермен виртуалды тартыстар тудырып, ұлттар арасында іріткі салатын ақпараттардың әдейі таратылып жатқаны байқалады. Бір тараптың тарихы мен мәдениетін тым асқақтатып, екінші тарапты төмендету арқылы дау-дамай туғызу — белгілі бір саясаттың көрінісі болуы мүмкін. Өз басым мұндай әрекеттерге тікелей куә болған емеспін, дегенмен кейбір сәттерде бауырлас қырғыз бен қазақтың берік достығы іштарлық танытатын өзге күштерге ұнай қоймайтыны жасырын емес. Түркі дүниесіндегі екі ұлы мемлекеттің ынтымақтаса бірігуі кейбіреулерге қауіп болып көрінуі де ықтимал. Өзіңіз атап өткендей, баяғы «бөліп ал да, билей бер» деген ұстаныммен ұлттар арасын ашуға тырысатын ниеттер кездесіп тұрады», — деді Сүйінбек Қасмамбетов.
Ары қарай ол қос тараптың бауырластық пен достық байланысты бекемдей түсу бағытында атқарып жатқан нақты іс-шараларын мысалға келтірді.
«Дегенмен, кейінгі жылдары да, бүгінгі таңда да қазақ пен қырғыз бауырлар мұндай арандатушылықтарға бой алдырмай, бірлескен ауқымды шараларды тұрақты өткізіп келеді. Бауырластық пен достықтың белгісі ретінде қос елде де тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштер бірінен соң бірі бой көтеруде. Мәселен, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов пен «Манас» эпосына арналған ескерткіштер Астана төрінде ашылды. «Манас» ескерткішінің ашылуына біздің Президентіміз Садыр Жапаров пен Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты. Ал бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға келген сапарында қос мемлекет басшылары Абай Құнанбайұлының ескерткішін бірге ашқан болатын», — деді қоғам қайраткері.
Сондай-ақ ол екі мемлекетте бой көтерген ортақ тарихи және мәдени тұлғалардың ескерткіштеріне жеке-жеке тоқталды.
«Бұдан бөлек, Бішкекте «Достық көпірі» деп аталатын фундаменталды мүсіндік композиция бой көтерді. Онда Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовтың өзара сырласып, сұхбаттасып отырған сәті бейнеленген. Құрылысы аяқталуға жақын бұл нысан жақында салтанатты түрде ашылады. Сонымен қатар, Ыстықкөл жағалауындағы Чолпон-Ата қаласында орналасқан «Рух Ордо» мадани орталығында Мұхтар Әуезовке және өзге де көрнекті мемлекет пен мәдениет қайраткерлеріне арналған мүсіндер қырғыз тұлғаларымен қатар орнатылған. Шетелдік меймандар келгенде біз бұл кешенді мақтанышпен көрсетеміз. Мыңжылдық достығымызды мұндай игі істер арқылы паш ету — біз үшін үлкен мәртебе. Біздің мәдениетіміз бен дәстүрімізде де ешқандай айырмашылық жоқ. Мәселен, ақындар айтысы қос елге де бірдей ортақ өнер. Бұл жыр сайысы жылына бір емес, екі реттен тұрақты түрде өткізіліп тұрады», — деді Сүйінбек Қасмамбетов.
Сүйінбек Қасмамбетов деген кім?
Сүйінбек Қасмамбетов 1960 жылы 8 сәуірде Нарын қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді: 1987 жылы Қырғыз мемлекеттік университетін «тарихшы» мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолы:
- 1977 жылы — Чолпон-Ата қаласындағы №54 мемлекеттік асыл тұқымды жылқы зауытының №3 бөлімінде жұмысшы;
- 1979 жылы — аталған асыл тұқымды жылқы зауыты совхозының комсомол ұйымының хатшысы;
- 1979-1981 жылдары — КСРО Қарулы күштері қатарында азаматтық борышын өтеген;
- 1987-1989 жылдары — Қырғыз мемлекеттік университетінің оқытушысы;
- 1989-1991 жылдары — Қырғыз КСР Коммунистік партиясы Ленин аудандық комитетінің Идеология бөлімінде нұсқаушы;
- 1991-1992 жылдары — Мемлекеттік экономика комитеті төрағасының көмекшісі;
- 1992-1993 жылдары — Экономика және қаржы министрінің көмекшісі;
- 1993 жылы — Жоғарғы Кеңестің Ақпарат, баспа, басылымдарды жариялау және аударма бөлімінің бірінші санаттағы маманы;
- 1993-1994 жылдары — Қырғызстанның Беларусь Республикасындағы елшілігінің екінші хатшысы;
- 1995-1996 жылдары — Жоғарғы Кеңестің Халық өкілдері жиналысы төрағасы орынбасарының көмекшісі;
- 1996-2000 жылдары — Жоғарғы Кеңестің Халық өкілдері жиналысы Депутаттық өкілеттіктер, этика, қоғамдық бірлестіктермен және БАҚ-пен жұмыс жөніндегі комитетінің сараптамалық тобының жетекшісі;
- 2000 жылы — Жоғарғы Кеңестің Халық өкілдері жиналысы Жастар ісі, спорт, туризм, қоғамдық ұйымдармен және БАҚ-пен байланыс жөніндегі комитетінің сараптамалық тобының жетекшісі;
- 2000-2005 жылдары — Жоғарғы Кеңестің Заң шығару жиналысы аппараты жетекшісінің орынбасары;
- 2005-2008 жылдары — Жоғарғы Кеңес аппараты жетекшісінің орынбасары;
- 2008-2009 жылдары — Жоғарғы Кеңес аппаратының жетекшісі;
- 2009-2010 жылдары — Жоғарғы Кеңес аппараты жетекшісінің орынбасары;
- 2010 жылы — Уақытша үкімет аппараты жетекшісінің орынбасары, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары;
- 2010-2011 жылдары — Жоғарғы Кеңес аппараты жетекшісінің орынбасары;
- 2020 жылы — Жоғарғы Кеңес аппараты жетекшісінің орынбасары қызметін атқарды.
Сондай-ақ Парламент сайлауында «Биримдик» партиясы атынан Жоғарғы Кеңес депутаттығына кандидаттар тізімінде 106-номерде болған. 2020 жылдың қазан айында Президент аппаратының жетекшісі болып тағайындалды. 2021 жылдың қазан айында Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы лауазымына бекітілді.
Мемлекеттік марапаттары мен шендері:
«Құрмет белгісі» орденімен, «Данк» медалімен, «Жоғарғы Кеңеске 70 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған. 3-сыныпты Мемлекеттік азаматтық қызметтің мемлекеттік кеңесшісі шені бар.
Соңғы жаңалықтар