Сырымбек Тау: Еркек пен еркек ерін сүйіп амандасады

03.08.2026 12:09 Томирис САҒЫНДЫҚ
Сырымбек Тау: Еркек пен еркек ерін сүйіп амандасады
217
Фото: видеодан скриншот

Белгілі қазақстандық кәсіпкер, саяхатшы әрі қоғам қайраткері Сырымбек Тау бет сүйісіп амандасу әдетінің қазақтың байырғы дәстүріне мүлдем жат екенін қадап айтты. Оның пікірінше, бүгінгі қоғамда кеңінен етек алып бара жатқан ер мен әйелдің немесе ер азаматтардың өзара бет, тіпті ерін сүйістіріп сәлемдесуі — ұлттық болмысымыз бен әдеп шегіне мүлде жанаспайтын, өзгенің танымынан таңылған өрескел әрекет, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Сырымбек Тау Stan.kz порталына берген сұқбатында айтты.

«Жалпы, біз өз салт-дәстүрімізді жоғалтып алмауымыз керек. Бала кезден көрмегендіктен бе, маған кейбір нәрселер ерсі болып тұрады. Ең алдымен, әйел мен ер азаматтың бет сүйісіп амандасуы жиілеп кетті. Негізінен, бұл әрекет екі жақтың біріне жайсыз тиюі мүмкін, бірақ адамдар амалсыздан көнеді. Мәселен, әйел адам қол созса, оны өзіңе қарай тартып, бетінен сүюдің еш қажеті жоқ. Екіншіден, ер азаматтардың өзара бет сүйісіп амандасуы да жат әрекет. Ата-дәстүрімізде көптен бері көрмей көріскен жандардың құшақтасып, төс қағысуы мүмкін, ал күнделікті бет сүйісу дәстүрімізде болмаған. Ал кейде екі ер азаматтың еріннен өпкендей жақын амандасатынын да байқап қаламыз, бұл біздің танымымызға мүлдем жат», — деді Сырымбек Тау.

Сырымбек Тау ары қарай жай ғана қол алысып немесе басты иіп ілтипат білдірудің толықтай жеткілікті екенін атап өтті. Оның пайымдауынша, бұл қарапайым әрі шынайы сыйластық белгісі әрбір қазақстандықтың бойында қалыптасып, заманауи ұлттық кодымыздың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Артық жақындық пен жасандылықтан арылып, ата-бабамыздан қалған ізеттілік пен салқынқанды сыпайылықты сақтау — біздің рухани мәдениетімізді биіктете түспек.

«Біз қарым-қатынастың әдеп шегінен шығып бара жатқандаймыз. Әрбір мәдениет әдепті сәлемдесуден басталады, сондықтан әйелді де, еркекті де артық әрекеттерге мәжбүрлемеген жөн. Сәлем берсе — қолын алып, ал қол созбаса — басты сәл иіп амандасқан жеткілікті. Бет сүйісуден ештеңе өзгермейді, керісінше, мұндай орынсыз қылықтар әдепсіздікке алып келеді. Өзгенің мәдениетіне еліктейміз деп, өзіміздің ұлттық кодымыз бен дәстүрімізден ажырап қалмауымыз керек. Соңғы жылдары елімізде ұлттық құндылықтар қайта жаңғырып келеді. Мәселен, жер асты мешіттерінің UNESCO тізіміне енуі — соның бір дәлелі. Мұндай мәдени мұралар елімізге туристерді тартады. Осы сияқты, қазақстандықтардың сәлемдесу әдебі де өзіндік ұлттық кодқа айналуы тиіс», — қоғам қайраткері.

Войдите, чтобы оставить комментарий