Сырымбек Тау: Қазақ тілін білмегеннің қазаққа жаны ашиды деп ойламаймын

03.08.2026 12:48 Томирис САҒЫНДЫҚ
Сырымбек Тау: Қазақ тілін білмегеннің қазаққа жаны ашиды деп ойламаймын
78

Белгілі қазақстандық кәсіпкер, меценат, саяхатшы әрі қоғам қайраткері Сырымбек Тау ана тілінің тағдыры мен қоғамдағы өзекті тіл мәселесіне қатысты ой қозғады. Оның айтуынша, бүгінде «ана тілімнің жанашырымын» деп кеуде қаққанымен, әлеуметтік желідегі парақшасын тек орыс немесе ағылшын тілдерінде жүргізетін азаматтардың әрекеті – шынайылықтан алыс, жай ғана бетке ұстаған «жасанды маска». Шын жанашырлық сөзбен емес, нақты іспен, ана тілінде сөйлеп, қазақша мазмұн өндірумен дәлелденуі тиіс. Сонымен қатар, ол өз тілін құрметтеу, оны қорғау әрі дамытуға ұмтылу – ешқандай да ұлтшылдыққа жатпайтынын қадап айтты. Туған тілді сүю мен оның мәртебесін көтеру – кез келген азаматтың төл мәдениеті мен ата-баба аманатына деген перзенттік парызы, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Сырымбек Тау Stan.kz порталына берген сұқбатында айтты.

«Кейбір адамдар мені теріс түсініп жатады. Бір-екі рет орыс блогерлері немесе елден кеткен орысша сөйлейтін адамдар сұқбаттарында: «Бұл – нацист, анау-мынау», – деп айтыпты. Жоқ, тіліңді, ұлтыңды, дініңді жанашырлықпен сүю – ұлтшылдыққа жатпайды. Құндылық деген ұғым бар. Біз құндылықты ата-бабадан балаға, баладан немере мен шөбереге қалай қалдырамыз? Әрине, тіл арқылы қалдырамыз. Сенің құндылығыңды тіліңді білмейтін адам ешқашан түсінбейді. Тіліңді білмесе, ол сенің ою-өрнегіңді де, есіміңді де, атыңның жабуын да, шапаның мен ата-дәстүріңді де түсіне алмайды. Бұл ұғымдардың бәрі тіл арқылы ғана дариды. Сол құндылықты ұғу үшін соны тасымалдаушы елдің тілін білуің керек», — деді Сырымбек Тау.

Ары қарай ол қазақ тілін білмейтін көптеген досын мысалға келтіріп, олардың құндылықты терең түсіне бермейтінін айтты. 

«Сондықтан, менің де өз тілін білмейтін көптеген қазақ достарым бар. Мен оларды «құндылықты біледі» деп айта алмаймын. Шамданса шамданар, басқаша түсінсе түсінер, бірақ құндылық тілмен келеді. Сол себепті құндылығымызды түгендейміз десек, ең алдымен өзіміздің тілді құрметтеуіміз керек. Өз тілімізді құрметтейміз деп, өзге тілді кемсітпеуіміз қажет. Жаман тіл болмайды. Ол да – бір ұлттың тілі, ол да – әлемде өзіндік орны бар тіл. Сол себепті ана тіліміз бірінші орында тұруы тиіс. Құндылықтарымызды сол тіліміз арқылы сіңіріп, содан кейін ғана басқа тілдерді де үйренейік. Маған десе 9 тіл, 10 тіл, тіпті әлемдегі барлық тілді үйренсін, бірақ қайткенде де өз тіліңді білуің міндетті. Бұл деңгейге жету үшін әрқайсымыз өзгерісті өзімізден бастауымыз керек», – деді меценат.

Сонымен қатар, ол өзін «тіл жанашырымын» деп жариялап, бірақ әлеуметтік желіде тек орыс тілінде сөйлеп, контент тарататын қазақтардың бұл әрекетін екіжүзділікке балап, қатты сынға алды. Қоғам қайраткерінің пікірінше, шынайы жанашырлық құр байбалам салумен шектелмей, ең алдымен өз өмір салтың мен күнделікті қарым-қатынасыңда ана тіліңде сөйлеуден басталуы тиіс.

«Тілге өте жанашырмын» деп жүріп, әлеуметтік желісін тек орысша немесе ағылшынша жүргізетін адамдар өте көп. Сосын барып «мен жанашырмын» дейді. Бұл – жай ғана маска. Шын жанашыр болсаң – сұхбатыңды қазақша бер, жазатын дүниеңді қазақша жаз. Жалпы, басты құндылығымызды жоғалтпауымыз керек. Тіл мәселесі – өте өзекті. Тіл мәселесін бұрмалап, қоғамдағы басқа жағымсыз нәрселермен байланыстырып жіберуі де мүмкін. Бірақ сен өзіңді сол ұлттың өкілімін десең... Мен мұнда тек қазақ тілі туралы айтып отырған жоқпын, барлық ұлтқа қатысты. Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілі тұрады дейміз. Қазақстанда тұрып жатқан соң ол халықтар қазақ тілін білсін, бірақ өзінің ана тілін де құрметтесін. Қазақтар да өз тілін құрметтеп, басқа тілде сөйлеуге шектеу қоймауы керек. Ең бастысы – құндылығымызды дұрыс түсінсек болғаны. Ата-бабаларымыздан қалған мына кең байтақ қазақ жерін қорғап, бізге аманаттаған батырларымыз бар. Мақтанғанда: «Біз – батырдың ұрпағымыз», – дейміз. Сол батырлардың ешқайсысы өзге тілде сөйлеген жоқ, бәрі өз тілінде сөйлеп, ерлік көрсетті. Батырдың ұрпағы болсаң, оның болмысын түсіну үшін өз тіліңді білуің керек. Ақынның ұрпағы болсаң, сол ақындарымыз да кезінде басқа тілде жыр жазған жоқ. Сол себепті, тарихи тұлғаларымызды түсіну үшін де өз тілімізді білуіміз қажет. Әр елдің тұлғасы өз тілінде сөйлейді. Тұлғаларымызды ұғыну үшін өз тілімізді құрметтеп, оны жоғары қоюымыз керек. Кез келген жерде ойымызды өз тілімізде баяндауымыз қажет. Біз басқа тілде өзіміздің тұлғаларды толық дәріптей алмаймыз. Оларды тек өз тілімізде ғана асқақтата аламыз», — деді Сырымбек Тау.

Войдите, чтобы оставить комментарий