Талғарда келіншекті зорлап оның ағасын атып өлтірген іс: Инспектор жазаға тартылды
Алматы облысының Талғар ауданында кісі өлімі мен кішкентай қыздың ұрлануына әкеп соққан салғырттығы үшін жергілікті учаскелік инспектор 2 жылдан астам уақытқа бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Жәбірленуші тараптың адвокаттары Асылбек Абдраимов пен Жандос Палмановтың мәліметінше аудандық сот Е есімді полиция қызметкерін қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп таныған. Ол ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық пен құқық қорғау органы қызметкерінің қызметтік жалғандық жасауы бойынша айыпталып, сот залында бірден қамауға алынды.
«Сот 369-бап бойынша 2 жыл 2 ай, ал 371-бап бойынша 2 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, түпкілікті 2 жыл 4 айды орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуге үкім шығарды», – деді қорғаушылар.
Бұған қоса сотталушы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына және лейтенант арнайы атағынан айырылып, жәбірленушіге моральдық шығын ретінде 3 млн теңге төлеуге міндеттелді, алайда бұл үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың 3 қыркүйегінде оқиғадан 3 күн бұрын инспектор жәбірленуші әйелдің шақыртуымен барған болатын. Сол күні әйелдің үйіне өзін бұрын зорлады деп айыпталған қарулы ер адам келгенімен, полицей қорғау нұсқамасын толтырған кезде жәбірленушінің қолын өзі қолдан қойып жіберген, оны инспектордың өзі де мойындады.
Осы салғырттықтан кейін 6 қыркүйекте әлгі қарулы азамат кәмелетке толмаған екі сыбайласымен бірге әйелдің ағасын атып өлтіріп, оның екі жасар қызын ұрлап әкеткен. Кейінірек арнайы жасақ баланы құтқарып анасына қайтарды, ал күдіктілер қамауға алынды. Осы оқиғадан соң 18 наурызда Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты басты күдіктіні 25 жылға, ал оның екі жасөспірім сыбайласын 9 жылдан бас бостандығынан айырған еді.
Жалпы бұл оқиғаға жол берген Талғар аудандық полициясының 4 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс жабық режимде қаралып жатыр. Оның ішінде екі учаскелік инспектор қызметіне салғырт қарады және қызметтік жалғандық жасады деп айыпталса, екі тергеушіге лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және әрекетсіздік танытты деген айып тағылған. Талғар аудандық сотында Д есімді полицейдің қылмысты қасақана жасыру дерегі бойынша ісі қаралуда.
Соңғы жаңалықтар