Талғарда келіншекті зорлап оның ағасын атып өлтірген қылмыскер 25 жылға сотталды
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Талғардағы атышулы іс бойынша басты күдікті мен оның екі кәмелетке толмаған сыбайласына үкім шығарды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Былтырғы 6 қыркүйекте Қызылқайрат ауылында көлік жөндеу орталығында жұмыс істеген ер адам бір әйелді зорлап, видеоға түсіріп алып оны бір ай бойы бопсалаған. Жәбірленуші полицияға шағымданғанымен тәртіп сақшылары тиісті шара қолданбай, күдіктіні босатып жіберген. Осыдан кейін ол әйелдің үйіне кәмелетке толмаған екі танысымен келіп, оның 27 жастағы ағасын атып өлтірген. Марқұмның артында жүкті әйелі мен үш баласы қалған. Қылмыскерлер бұнымен тоқтамай, әйелдің екі жасар қызын ұрлап әкеткен. Полиция қуғыны кезінде негізгі күдікті баламен бірге көлігімен жардан секіріп кеткенімен, арнайы жасақ бүлдіршіннің өмірін аман алып қалып, оған ота жасалды.
Жәбірленуші тараптың адвокаттары сот шешімі туралы мәлімет берді. Прокурор негізгі айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрағанымен, сот оған 25 жыл жаза тағайындап, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуді бұйырды. Оған адам өлтіру, жасөспірімді қылмысқа тартумен адам ұрлау, зорлау, алаяқтық, жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу, тұрғын үйге заңсыз кіру, қорқыту, қаруды заңсыз жасау және сақтау, көлікті заңсыз иемдену сияқты 12 бап бойынша айып тағылған. Ал адам өлтіруге және адам ұрлауға қатысқан екі жасөспірім 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Сот жәбірленушілердің азаматтық талап арыздарын ішінара қанағаттандырды. Басты фигуранттан марқұмның анасы, жұбайы және қарындасының пайдасына 10 миллион теңгеден, жалпы 30 миллион теңге өндіріледі. Әрбір кәмелетке толмаған сыбайластан 3 жәбірленушінің әрқайсысының пайдасына 5 миллион теңгеден, яғни әр сотталғаннан 15 миллион теңгеден өндіріледі», – деді адвокат Асылбек Абдраимов.
Қазіргі уақытта бұл оқиғаға жол берген Талғар аудандық полициясының 4 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс жабық режимде қаралып жатыр. Оның ішінде 2 учаскелік инспектор қызметіне салғырт қарады және қызметтік жалғандық жасады деп айыпталса, 2 тергеушіге лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану және әрекетсіздік бойынша айып тағылған.
Соңғы жаңалықтар