«Тақ үшін талас»: Саясаттанушы Назарбаевтың вице-президент лауазымын не үшін жойғанын айтты
Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстанда вице-президент лауазымын қайта енгізу мәселесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның айтуынша, бірқатар елде вице-президент дәл осы Сенат төрағасының қызметін атқарады.
«Іс жүзінде ықтимал мұрагерлер иерархиясында орын алмастыру орын алды. Бұған дейін таратылған Сенат спикері институтының орнын енді өз құзыреті бар вице-президент басады. Айта кету керек, бірқатар елде вице-президент дәл осы Сенат төрағасының қызметін атқарады», - дейді Сәтпаев.
Саясаттанушының айтуынша, бұған дейін де ел тарихында вице-президент лауазымы болған. Қазақ КСР кезеңінде бұл қызметті Ерік Асанбаев атқарған. Кейіннен 1995 жылы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін бұл лауазым жойылған.
«Алайда Қазақстанда тарих тағы да қайталанып отыр. Вице-президент институтының бастауы Қазақ КСР кезеңіне барып тіреледі. Ол кезде бұл қызметті Ерік Асанбаев атқарған. Бірақ 1995 жылы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін, 1996 жылы Нұрсұлтан Назарбаев бұл лауазымды жойды. Себебі сол кезеңде президентке орынбасар да, ықтимал саяси бәсекелес те қажет болмады», - деді ол.
Сәтпаев жаңа бірпалаталы парламент құру бюджет шығындарын елеулі түрде қысқартпайтынын айтып отыр.
«Қазіргі жағдайда, байқап отырғанымыздай, Тоқаев бәсекелестіктен бұрын жүйенің сабақтастығы мен мұрагерлік мәселесіне, сондай-ақ вице-президент пен болашақ бірпалаталы парламент спикері арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерінің жаңа конфигурациясына көбірек мән беріп отырған сияқты. Айта кетейік, жаңа бірпалаталы парламент құрамына 147 депутат енгізу ұсынылуда. Бұл көрсеткіш бұрынғы екіпалаталы парламенттегі депутаттар санынан айтарлықтай аз емес. Сондықтан депутаттардың жалақысы бойынша бюджет шығындарын елеулі түрде қысқарту мүмкін болмайды», - деп атап өтті саясаттанушы.
Ол жаңадан құрылатын Халық кеңесі, негізінен, билік қабылдаған шешімдерді кең қоғамдық қолдау бар деген әсер қалыптастыра отырып, қоғам атынан легитимизациялау қызметін атқаратынын айтты. Бір кездері Қазақстан халқы Ассамблеясы да дәл осындай мақсатпен құрылған болатын.
Сондай-ақ Сәтпаев вице-президент институтының қандай функция атқаратынына тоқталып өтті.
«Вице-президент институтына келсек, әдетте ол үш негізгі функцияны орындайды. Біріншіден, президент қайтыс болған, қызметінен кеткен немесе импичмент жарияланған жағдайда оның өкілеттігін уақытша өзіне алатын көшбасшы. Екіншіден, жүйедегі саяси балансты ұстап тұрушы. Үшіншіден, президенттің арнайы тапсырмаларын орындап, парламенттегі бақылаушы болады. Бұған қоса, вице-президент парламентке президенттің мүддесін ұсынады», - деді ол.
Айтуынша, Қазақстан жағдайында вице-президент президенттің мүддесін парламентте тікелей білдіретін тұлға болмақ.
«Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, қолдан жасалған саяси конструкция Конституцияны өзгерту арқылы құрылса, халық арасынан сенім мандаты жоқ белігі бір адамдарға сүйенсе, ал сол жүйе күшті саяси институтқа арқа сүйей алмаса, онда бұл өте әлсіз конструкция болады. Дегенмен, «тақ үшін талас» жүріп жатқан кезеңде мұндай тәуекелдер туралы ойлану көбіне екінші кезекке ысырылады», - деп сөзін түйіндеді Сәтпаев.
Еске сала кетейік, Ұлттық құрылтай отырысында сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа лауазым пайда болатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы бұған дейін Ерлан Қарин атқарған мемлекеттік кеңесші лауазымы таратылғанын айтты. Президенттің айтуынша, енді вице-президент қызметі енгізіледі. Жаңа лауазым иесін мемлекет басшысы Парламенттің келісімімен тағайындайды.
Соңғы жаңалықтар