Тәртіп сақшыларына бағынбай істі болған шенеунік әкім қызметіне сайланды
Ақтөбеде бұрын 15 тәулікке қамалған экс-шенеунік ауыл әкімі болып сайланды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ақтөбе облысында аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті. Нәтижесінде Қарабұтақ ауылының әкімі қызметіне Ербақыт Қаржаубаев сайланды.
Еске салайық 2024 жылдың 13 наурызында Әйтеке би ауданы әкімінің сол кездегі орынбасары болған Ербақыт Қаржаубаев полицияның талабын орындамай мас күйін куәландырудан жалтарғаны үшін ұсталған еді. Сол кезде шенеунік ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 613-бабы 4-бөлігі бойынша айыпты деп танылып сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынған болатын. Сондай-ақ ол 8 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылған. Сол кезде аудан басшылығы орынбасардың оқиғадан бір күн бұрын өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазып үлгергенін алға тартқан болатын.
Жалпы 21 желтоқсанда өткен науқан барысында Алға және Әйтеке би аудандарындағы төрт бос орынға дауыс берілді. Сайлауға 12 кандидат қатысып олардың арасынан мына азаматтар жеңіске жетті:
- Алға қаласының әкімі болып бұған дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған Жандарбек Бақынжанұлы сайланды.
- Тамды ауылдық округінің тізгінін бұрынғы мектеп директоры Марат Нұртазин ұстады.
- Темірбек Жүргенов ауылдық округіне бұған дейін аудан әкімі аппаратының бөлімшесін басқарған Саламат Ерімбетов басшы болды.
Сайланған әкімдердің орташа жасы 40 жасты құрайды. Ең жасы 34 болса, ең үлкені 48 жаста. Жеңімпаздардың екеуі мемлекеттік қызметтен келсе екеуі бюджеттік сала қызметкерлері. Саяси ұстанымдары бойынша біреуі «AMANAT» партиясынан, енді бірі «Ауыл» және «Respublica» партияларынан ұсынылса төртіншісі өзін-өзі ұсынған кандидат.
Соңғы жаңалықтар