Тізім Ресейге жолданады – СІМ Украинадағы соғысқа әкетілгелі жатқанын айтқан қазақстандықтар туралы

07.10.2026 • 08:40 Әсел МҰРАТ
Тізім Ресейге жолданады – СІМ Украинадағы соғысқа әкетілгелі жатқанын айтқан қазақстандықтар туралы
463
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдегі соғыс жүріп жатқан аумақта қалып қойған қазақстандықтарды елге қайтару мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Ресейге жұмыс іздеп барған, кейін әскери қызметке тартылған қазақстандық азаматтардың кезекті видеоүндеуі тараған болатын. Олар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған.

Қазақстан азаматы Қайсар Алмазтың айтуынша, азаматтарға елге 1-2 күн ішінде жеткізілетіні айтылған. Алайда содан бері 10 күн өтсе де, нақты ақпарат берілмеген. Оның сөзінше, жігіттерді соғыс аймағына жіберуге үш күн ғана қалған. Осыған байланысты олар тағы да дабыл қағып, биліктен жедел көмек көрсетуді сұраған.

Осы жағдайға қатысты Сыртқы істер министрлігі әлеуметтік желі арқылы үндеу жасаған азаматтарға байланысты тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Оларды Қазақстанға қайтару бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жедел желіге азаматтардан өтініштер әлі де түсуде. Әрбір өтініш бойынша ақпарат тексеріліп жатыр. Тексеру аяқталған соң тиісті тізім Ресей тарапына жолданады», – деп мәлімдеді ведомство.

Министрліктің мәліметінше, мәселені шешу үшін Ресей тарапымен әртүрлі деңгейде тұрақты байланыс орнатылған.

Айта кетейік, бұған дейін Ресейге жұмыс істеуге барған бір топ қазақстандықтың елге қайта алмай жүргені туралы жазған едік. Олардың айтуынша, олар Ресейге күзет саласында жұмыс істеу үшін барған. Алайда тиісті құжаттарға қол қойғаннан кейін әскери қимылдарға қатысуға міндетті екендерін білген.

Қазақстандықтардың әлеуметтік желідегі видеоүндеуінен кейін Сыртқы істер министрлігі азаматтарды Ресейдегі соғыс аймағынан елге қайтарудың не себепті қиындық туғызып отырғанын түсіндірген еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий