Тоқаев: 7 жылда Қазақстан экономикасы 29 пайызға өсті

24.09.2026 12:12 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев: 7 жылда Қазақстан экономикасы 29 пайызға өсті
174
Фото: Ақорда

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі соңғы жеті жылда 29 пайызға өсіп, 306 миллиард долларға жетті, деді Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Халық кеңесінің бірінші сессиясында. Президент осы кезеңдегі экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштерді ел тарихындағы ең жоғары нәтижелер деп бағалады, деп хабарлайды Politico.kz.

Тоқаевтың айтуынша, алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің жалпы көлемі 138 миллиард доллардан асқан. Жеті жылда елге 162 миллиард доллардан астам инвестиция тартылып, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайыздан жоғарылаған.

Президент тұрғын үй құрылысы, білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы өзгерістерге де тоқталды. Оның сөзінше, Қазақстанда жыл сайын 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынады. Ал 2019 жылдан бері бір миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп бой көтерген.

Осы кезеңде 1200-ден астам денсаулық сақтау нысаны ашылып, азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жеткен. Бұған қоса, 35 мың шақырымнан астам автожол салынып, жөнделген.

Тоқаев азаматтар реформалардың қалай жүргізілгенін өз көзімен көріп, нақты нәтижесін сезініп отырғанын айтты. Сондай-ақ Қазақстан атқарылған жұмыстың арқасында әлемдегі бәсекеге қабілетті 40 елдің қатарына енгенін мәлімдеді.

Халық кеңесі Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары конституциялық кеңесші орган саналады. Оның міндеті мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және жүзеге асыруға қоғамның қатысуын қамтамасыз ету.

Войдите, чтобы оставить комментарий