Тоқаев Халықаралық бокс даңқы залына енген Головкинді құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық бокс даңқы залына енген Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинді тарихи жетістігімен құттықтады. Бұл жаңалықты Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Американың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында төрт күнге созылған іс-шара қорытындыланып, қазақстандық кәсіпқой боксшы әрі орта салмақтағы экс-чемпион заманауи ерлер санатындағы әлемдік элита тізіміне алғашқы мүмкіндіктен-ақ ілінді. Ол Қазақстан мен Орталық Азиядан шыққан тұңғыш өкіл ретінде Мұхаммед Әли, Майк Тайсон және Флойд Мейвезер сияқты аты аңызға айналған спортшылармен бір қатарға тұрды.
"Президент атап өткендей, бұл тарихи уақиға аты аңызға айналған отандасымыздың жаһандық спорттағы қолтаңбасы айрықша маңызға ие екенін айғақтайды. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренадағы шынайы келбеті мен беделін қалыптастыруға қосқан елеулі үлесін көрсетеді. Мемлекет басшысының пікірінше, Геннадий Головкин – еліміздің мақтанышы әрі халықаралық спорт қоғамдастығындағы елшісі. Қасым-Жомарт Тоқаев дүние жүзіндегі ең үздік боксшылардың бірінен үлгі алған жас спортшыларымыз жігерленіп, биік белестерді бағындыра беретініне сенім білдірді", – деді Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.
1982 жылы Қарағандыда дүниеге келген спортшының мұндай жоғары мәртебеге ие болуына оның рингтегі қайталанбас жетістіктері себеп болды. Ол әуесқой бокста 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетсе, кәсіпқой рингте 45 кездесу өткізіп, оның 42-сінде қарсыластарынан басым түскен және 37 рет нокаут жасаған.
Сонымен қатар боксшы қатарынан 23 рет нокаутпен жеңіске жетіп, орта салмақтағы чемпиондық атағын 21 мәрте сәтті қорғады, ал оның мерзімінен бұрын жеңіске жету көрсеткіші дивизион тарихындағы ең жоғары нәтиже ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енген.
Даңқ залының сахнасында сөз сөйлеген Геннадий Головкин бұл марапатты өзінің бүкіл өмірінің мәні мен еңбегінің жемісі деп бағалады. Ол өз сөзінде отбасына, ағасына, бапкерлері Абель Санчес пен Джонатан Бэнкске, сондай-ақ промоутері Том Леффлерге ерекше алғыс білдірді.
Соңғы жаңалықтар