Тоқаев медициналық сақтандыру қорындағы алаяқтық істеріне таңғалды
Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласында бүгінде бір-бірінен оқшау жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйе бар екенін атап өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның айтуынша, бұл бюджет қаражатын игеру барысында орын алған заңбұзушылықтардың негізгі себептерінің бірі болған.
«Денсаулық сақтау саласында жеке-жеке жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйе бар. Аталған жүйелерді бір-біріне толыққанды байланыстыруды бұған дейін қанша талап етсек те, сол күйі жасалмады. Бюджет қаржысын жымқырудың басты себептерінің бірі – осы. Салалық министрлердің көз алдында бұрын-соңды болмаған ауқымдағы алаяқтық істер жасалғаны таңғалдырады. Оның үстіне бұл әлеуметтік салада орын алып жатыр», - деді Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Тоқаев Бас прокуратураға істі егжей-тегжейлі тексеріп, ақиқатты анықтауға міндетеді.
«Бас прокуратура мен басқа да өкілетті органдар қылмыстың қашан жасалғанына, оны кімдердің жасырғанына қарамастан, істі егжей-тегжейлі тексеріп, ақиқатты анықтауға міндетті. Президент тергеу процесін өз бақылауында ұстайды»,- деді президент.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру жұмысын аяқтауды тапсырды.
«Бұл барлық үдеріске бақылау жасап, басынан аяғына дейін қадағалап отыратын жүйе болуға тиіс. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің де барынша ашық болуын қамтамасыз ету керек. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жалған құжат толтырып, деректерді бұрмалайтын қитұрқы жолдар бар екені анықталды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мәселеге арнайы тоқталғанын еске салды.
«Тағы да айтамын. Бас прокуратура және тиісті құқық қорғау мекемелері барлық жымқыру әрекеттеріне қатысы бар адамдарды заң тұрғысынан жауапқа тартуы қажет. Білім саласында да неше түрлі алаяқтық әрекеттер бар болып шықты. Заңды бұзған азаматтарды міндетті түрде жазаға тарту керек. Үкіметке жыл соңына дейін Қордың жұмысын толық цифрландыруды тапсырамын. Сонда ғана жұмыс ашық жүргізіледі, ал қаржы тиімді жұмсалады», - деді мемлекет басшысы.
Соңғы жаңалықтар