Тоқаев Қарин мен Бектеновті вице-президент және премьер-министр етіп тағайындады

31.08.2026 11:36 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев Қарин мен Бектеновті вице-президент және премьер-министр етіп тағайындады
321
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ерлан Қарин Қазақстанның Вице-Президенті, ал Олжас Бектенов Үкімет басшысы болып тағайындалды. Бұл шешім туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы ұсынған қос үміткердің кандидатурасы қаралған болатын. Депутаттардың басым бөлігі ұсынысты бірауыздан қолдап, оң дауыс берді.

Айта кетейік, жаңа заң нормаларына сәйкес Құрылтайдың бірінші сессиясында Үкімет толық құрамда отставкаға кеткен еді.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Тынымбайұлы Қарин Қазақстан Республикасының Вице-Президенті болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ Президенттің келесі Жарлығымен Олжас Абайұлы Бектенов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына қайта тағайындалды.

Қарин, Бектенов деген кім?

Жаңадан тағайындалған Вице-Президент Ерлан Қарин бұған дейін Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Ол 1996 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тарих және география пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады. Ал 1999 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген.

Ерлан Қарин еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастап, кейін түрлі саяси зерттеу орталықтарында жұмыс істеді. Премьер-министрдің штаттан тыс кеңесшісі, «Асар» партиясы төрағасының орынбасары және Антитеррористік бағдарламалар орталығының басшысы болды. Сонымен қатар Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі, Президент Әкімшілігінде бөлім меңгерушісі және «Нұр Отан» партиясының хатшысы лауазымдарын атқарған.

2013 жылы АҚШ-тың Америка университетінде арнайы шақырылған профессор болды. Кейін Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен «Қазақстан» РТРК» басқармасын басқарды. 2019 жылдан бері Президенттің кеңесшісі, көмекшісі, Мемлекеттік хатшы және Мемлекеттік кеңесші қызметтерін атқарып келді.

Үкімет тізгінін қайта сеніп тапсырған Олжас Бектенов 1980 жылы Алматы қаласында туған. Ол 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын үздік бітірген. Көпжылдық еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» және «Даңқ» ордендерімен марапатталған.

Ол өз мансабын 2002 жылы Алматы қалалық Әділет басқармасында бастады. Кейінгі жылдары Премьер-министр Кеңсесінде, Президент Әкімшілігінде, Әділет министрлігінде және қаржы полициясында жауапты қызметтер атқарды. Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы және Ақмола облысы әкімінің орынбасары лауазымдарында болды.

Бектенов ұзақ жылдар бойы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарында басшылық құрамда істеп, 2022-2023 жылдары Антикорды тікелей басқарды. Кейін Президент Әкімшілігінің жетекшісі болып, 2024 жылдың ақпанында Премьер-министр болып тағайындалған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий