Тоқаев қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады

18.11.2025 19:34 Арман Ермеков
Тоқаев қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады
0
464
Фото: ашық дереккөз. Суретте: Ұлдана Мырзуан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан астаналық фельдшер жоғары мемлекеттік наградаға ие болды, деп хабарлайды Politico.kz сайты Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан (марқұм) «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды», — делінген Ақорда хабарламасында.

18 қараша күні дәрігерлер қауымы мен марқұмның туыстарына ауыр қайғы түсіп, жас маманның өмірден өткені хабарланған еді. Оқыс оқиға осы айдың басында, нақтырағы 8 қарашада болған. Астанадағы көпқабатты үйлердің біріне шақыртумен барған фельдшердің үстіне ғимараттың кірпіш қаптамасы мен ауыр кондиционер блогы құлап кеткен. Ауыр жарақат алған бойжеткен он күн бойы өмір мен өлім арасында жатқанымен, ажалдан арашалап қалу мүмкін болмады.

Бар болғаны 23 жастағы Ұлдана Мырзуан өмірінің соңғы бес жылын жедел жәрдем қызметіне арнаған. Жұбайының айтуынша, бұл саланың қауіп-қатері мен ауыртпалығын түсінген туыстары оған талай мәрте жұмысын ауыстыруға кеңес берген екен. Алайда, өз ісіне шын берілген маман сүйікті кәсібінен бас тартпай, соңына дейін халыққа қызмет етуді жөн санаған.

Ең өкініштісі, марқұмның жеке өмірі енді ғана басталып келе жатқан еді. Ұлдананың отау құрып, ақ келін атанғанына небәрі бірнеше апта ғана болған.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий