Тоқаев қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады 

19.02.2026 08:14 Әсел Мұрат
Тоқаев қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады 
152
Фото: Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Тоқаевтың айтуынша, бұл – дүние жүзіндегі миллиардтаған жанды рухани тазаруға, жақынына жанашыр әрі қамқор болуға үндейтін мезгіл.  

«Ораза азаматтарды шыдамдылық пен төзімділікке шақырып, халқымыздың бойына қарапайымдылық, жауапкершілік және адалдық сынды асыл қасиеттерді сіңіреді.  Оразаның рухани құндылықтарын қазір әлемде болып жатқан күрделі ахуалды ескере отырып, кемел санамен қабылдау, оның түпкі мағынасын дұрыс түсіну – үлкен имандылықтың белгісі», - делінген Тоқаевтың құттықтауында.

Сондай-ақ президент еліміздегі ауқымды өзгерістерге тоқталып өтті.

«Бүгінде Қазақстан ауқымды өзгерістердің, түбегейлі жаңғырудың тарихи кезеңіне қадам басты. Жаңа халықтық Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды. Бұл өрлеу және әділеттілік даңғылына түскен мемлекетіміздің даму бағытын айқындайтын Негізгі Заң болмақ. Бас құжат мыңдаған жыл тарихы бар мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтуға, еліміздегі саяси, азаматтық, экономикалық институттардың тиімділігін арттыруға және адам құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіріп, күшейтуге жол ашады. 

Біз дәстүрлі рухани-мәдени құндылықтарымызды қастерлей отырып, Құқық пен Заң үстемдігі, Тәртіп пен Тазалық, Әділдік пен Отаншылдық сияқты мызғымас қағидаттарды терең түсінетін әрі мүлтіксіз сақтайтын ұлттың жаңа болмысын қалыптастырып жатырмыз. Мұның бәрі қасиетті Рамазан айының мәңгілік ұлағатымен толық үндеседі», - деп атап өтті мемлекет басшысы. 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий