Тоқаев Қошановты Халық кеңесінің төрағалығына неге ұсынғанын түсіндірді

23.09.2026 15:41 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев Қошановты Халық кеңесінің төрағалығына неге ұсынғанын түсіндірді
272
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық кеңесін халық пен биліктің арасында байланыс орната алатын, елге танымал азамат басқаруы керек деп санайды. Кеңестің алғашқы сессиясының бірінші күні президент осы себеппен төрағалыққа Ерлан Қошановты ұсынғанын айтып, оның мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мен Мәжілісті басқарған кездегі жұмысына тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

«Бұл – конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым. Сондықтан бұл лауазымға елге белгілі, халық пен биліктің арасында дәнекер болатын азамат келуге тиіс деп санаймын. Осының бәрін ескере отырып, мен Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын. Бұл азаматты бәріңіз жақсы білесіздер, жауапкершілігі жоғары, білікті, тәжірибесі мол тұлға. Ол мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жыл еңбек етті, бұл жұмысты абыроймен атқарды. Мәжіліс Төрағасы ретінде ауқымды реформаларды іске асыруға белсене атсалысты. Енді Халық Кеңесі Төрағасы ретінде табысты жұмыс істеп, қоғамдық келісімді нығайтуға мол үлес қосатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасына мұқият назар аударып, қолдайсыздар деп сенемін», деді Тоқаев.

Дауыс беруге қатысқан 121 мүшенің 120-сы оның кандидатурасын қолдап, біреуі қалыс қалды. Осылайша Ерлан Қошанов Қазақстан Халық кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Тоқаев кеңес құрамына кәсіби білігі жоғары, беделді, отаншыл азаматтар, соның ішінде мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен белсенділер кіргенін айтты. 

«Олардың қатарында жұртшылыққа белгілі тәжірибелі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен көптеген белсенді азаматтар бар. Құрылтайдың алғашқы отырысында айтып өткенімдей, ауқымды реформалардың арқасында мемлекеттік басқару ісіне жаңа, жасампаз, озық ойлы азаматтардың келуіне жол ашылды. Ел мүддесі үшін адал қызмет ету – зор мәртебе әрі қастерлі парыз. Осы орайда, Сіздерге – Халық Кеңесінің әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Сіздер ел игілігі үшін табанды еңбек етіп, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосасыздар деп сенемін. Ырысты ынтымағымызды, қоғамдық келісімді күшейту үшін белсенді түрде еңбек етесіздер деп ойлаймын», деді Мемлекет басшысы.

Жаңа төраға кеңес жұмысына жалпы басшылық жасап, сессияларды шақырады, күн тәртібін қалыптастырады, сессия мен төралқа отырыстарын жүргізеді. Сондай-ақ регламентті бекітіп, кеңес атынан сөйлейді. Өз орынбасарларын кеңес мүшелерінің арасынан тағайындайды, олар ротация тәртібімен екі жыл қызмет етеді.

Ерлан Қошанов кім?

Ерлан Жақанұлы Қошанов 1962 жылғы 14 тамызда Қарағанды облысында туған. 1984 жылы Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған филиалын инженер-механик мамандығы бойынша, 1991 жылы КСРО Сыртқы сауда академиясы жанындағы Жоғары коммерциялық мектепті бітірген. 1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясында экономист біліктілігін алған.

Еңбек жолын 1986 жылы «Жезқазғантүстімет» бірлестігінің байыту фабрикасында слесарь болып бастап, кейін шебер болған. 1988–1990 жылдары Жезқазған облыстық комсомол комитетінде нұсқаушы және бөлім меңгерушісі, 1990–1995 жылдары облыстық сыртқы экономикалық байланыстар комитетінде басшылық қызметтер атқарған.

1996–1999 жылдары Сенат депутаты болып, кейін Үкіметтің Парламенттегі өкілі қызметіне келген. 2001–2003 жылдары Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары болған, одан кейін Көлік және коммуникациялар министрлігі мен Премьер-министр кеңсесінде жұмыс істеген.

2017 жылы Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалып, 2019–2022 жылдары Президент Әкімшілігін басқарған. Мәжіліс депутаттығына бірнеше рет кандидат болған Қошанов 2022 жылы палата төрағасы болып сайланып, төменгі палата 2026 жылғы шілдеде таратылғанға дейін осы қызметті атқарған.

Войдите, чтобы оставить комментарий