Тоқаев Ресейдің Ленинград облысының губернаторын орденмен марапаттады

Тоқаев Ресейдің Ленинград облысының губернаторын орденмен марапаттады
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденконы қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысы губернаторды II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Politico.kz.

Ақорданың мәліметінше, Александр Дрозденко бұл марапатқа Қазақстан мен Ресей арасындағы одақтастық қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін ие болды.

Кездесуде екі ел арасындағы өңіраралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тоқаев Ленинград облысының өнеркәсіп және көлік логистикасы салаларындағы әлеуетін атап өтті.

Президент Қазақстанның осы өңірмен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін айтты. Оның сөзінше, Ленинград облысымен сауда қатынастары қарқынды дамып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 400 миллион доллардан асқан.

Александр Дрозденко жылы қабылдағаны үшін Тоқаевқа алғыс айтып, Ресей президенті Владимир Путиннің сәлемін жеткізді.

Губернатор Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ленинград үшін шайқасқан қазақстандықтардың ерлігін атап өтті. Оның айтуынша, Ресейде олардың ерлігі туралы естеліктер сақталып келеді.

Кездесуде өнеркәсіп, атом энергетикасы, көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобалар да талқыланды. Тараптар мәдени және гуманитарлық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу