Тоқаев: Сауатсыз, әсіресе ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды

28.01.2026 14:47 Арман Ермеков Арман Ермеков
Тоқаев: Сауатсыз, әсіресе ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды
360
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде арнайы жиын өткізді, деп хабарлайды Politico.kz

Президент сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, агенттіктің осыдан бес жыл бұрын, елдегі ауқымды өзгерістер бастау алған тарихи кезеңде құрылғанын еске салды. Президенттің пайымдауынша, агенттік өзіне жүктелген жауапкершілік пен маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келеді.

– Қаржылық барлау қызметкерлерінен нағыз жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан қарайтын отаншылдықты талап етемін. Мұндай қасиетке ие адамдар жемқорлықтан, ашкөздіктен, сауатсыздықтан ада болуға тиіс. Сауатсыз, әсіресе ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды. Әрине, ол өзін патриот санауы, алаулатып, жалаулатып сөйлеуі мүмкін. Алайда ол патриот емес және оны бәрі біледі. Сондықтан бұл арада отаншылдықты дұрыс түсіне білгеніміз абзал. Мен бұл жөнінде Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында айттым. Қазіргі уақытта жаңа Конституцияның мазмұнын қарап жатырмыз. Біз осы өзгерістер аясында патриотизм туралы ұғымды нақтылап, жауапкершілікке әрі жасампаздыққа құрылған отаншылдықты айқындай аламыз деп ойлаймын. Нағыз патриот барлық жерде, ол Қаржылық мониторинг агенттігі немесе мемлекеттік меншіктегі кәсіпорын болсын, жеке кәсіпкерлік нысаны, университет, мектеп болсын, адал еңбек етуге тиіс. Әркім өз жұмысын жақсы атқарса, оны патриот деп санаймыз. Жалпы, тексеру шаралары мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне қатысты жұмысқа кесірін тигізбеуі керек. Бюджет қаражатын уақтылы игеруге де кедергі келтірмеуі қажет. Ақпараттық, коммерциялық қауіпсіздікті және жеке деректерді қорғау мәселесін назарда ұстаған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Айта кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жұмыстарын тәмамдаған болатын.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий