Тоқаев ҰҚК-ның өкілеттігін кеңейтетін жаңа жарлыққа қол қойды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің арнайы қызметінің жұмысына елеулі өзгерістер енгізді. Президенттің 2025 жылғы 9 желтоқсандағы жаңа Жарлығымен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) мемлекеттік резерв пен қаржылық мониторинг саласында қосымша әрі ауқымды өкілеттіктер жүктелді, деп хабарлайды Politico.kz.
Өзгеріс пен толықтырулар енгізілген «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 1 сәуірдегі № 2922 Жарлығына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы ұжатқа сәйкес, комитеттің жауапкершілік аясы айтарлықтай кеңеймек.
Жаңа функцияларға сәйкес, ҰҚК-ға мынадай міндеттер жүктеледі:
- мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының номенклатурасы мен оларды сақтау көлемдері бойынша және номенклатура өзгерген кезде мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын броньнан шығару туралы ұсыныстар енгізу;
- мемлекеттік материалдық резерв және жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органдармен келісу бойынша қарыз алу тәртібімен жұмылдыру резервінен материалдық құндылықтарды шығару туралы шешімдер қабылдау;
- мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының номенклатурасы мен оларды сақтау көлемдеріне сәйкес жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын жеткізіп беруге арналған тапсырыстарды орналастыру;
- жаңарту тәртібімен жұмылдыру резервінен материалдық құндылықтарды шығару туралы шешімдер қабылдау;
- алушы мемлекеттік органдармен және мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның шешімімен жаңартылуға жататын жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын және номенклатура өзгерген кезде броньнан шығарылған материалдық құндылықтарды басқа мемлекеттік органдардың балансына өтеусіз негізде беруді жүзеге асыру;
- мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша жұмылдыру резерві материалдық құндылықтарының орнын ауыстыру туралы шешімдер қабылдау;
- жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын сақтауды және жаңартуды ұйымдастыру;
- Қазақстан Республикасының Үкіметіне жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын қалыптастыру және сақтау бойынша шығыстардың көлемі мен құрылымы жөнінде ұсыныстар енгізу.
Жарлықтағы тағы бір маңызды өзгеріс қаржылық қауіпсіздік саласына қатысты. Қаржылық мониторинг агенттігінің сұрауы бойынша ҰҚК өз ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтерді ұсынуға міндеттелді. Бұл шара қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл заңнамасы аясында жүзеге асырылады.
Айта кетейік, Президент қол қойған Жарлық ресми түрде күшіне енді, ал жоғарыда аталған арнайы функциялар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады.
Соңғы жаңалықтар