Тоқаев зияткерлік меншікті қорғауды күшейтетін жаңа заңға қол қойды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зияткерлік меншік мәселелеріне қатысты жаңа заңға қол қойды. Бұл құжат еліміздегі авторлық құқықты қорғау жүйесін күшейтіп қана қоймай, кәсіпкерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға бірқатар жеңілдіктер ұсынады, деп хабарлайды Politico.kz.
Жаңа құжаттың ең ізгі жаңалықтарының бірі — көру қабілеті бұзылған жандарға қатысты. Енді зағип жандар жарияланған шығармаларды автордың арнайы рұқсатынсыз және ақы төлемей-ақ көпшілік алдында орындай алады, таратады немесе қолдана алады.
Заңда бизнес өкілдеріне де қолайлы өзгерістер қарастырылған. Атап айтқанда, тауар белгісін тіркеу процесі едәуір жеделдетілмек. Бұрын кәсіпкерлер өз брендін ресми тіркеу үшін кемі 7 ай күтетін. Енді ақылы қызмет арқылы бұл мерзімді 4 айға дейін қысқартуға болады.
Сонымен қатар, даулы мәселелерді шешу жолдары да оңтайландырылды. Егер тауар белгісін тіркеуге қатысты қандай да бір келіспеушілік туындаса, шағымдану мерзімі ұзартылды. Бұрынғы бір айдың орнына, енді кәсіпкерлерге өз құқығын қорғау үшін екі ай уақыт беріледі.
Мемлекеттік бақылау тетіктері де назардан тыс қалмаған. Бұдан былай авторлар мен құқық иелерінің шағымы түссе, әділет органдары жоспардан тыс тексеріс жүргізе алады. Бұл заңсыз көшірме жасаушылар мен авторлық құқықты бұзушыларға тосқауыл қоюға септігін тигізбек.
Тағы бір маңызды жаңалық — саладағы цифрландыру мәселесі. Ұжымдық құқықты басқару үшін бірыңғай цифрлық платформа іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл өзгерістердің барлығы зияткерлік меншік нарығын ашық, әділ әрі заман талабына сай етуді көздейді.
Соңғы жаңалықтар