Тоқаевтың бір ауыз сөзінен кейін Құлыбаевтар бюджетке қыруар ақша аударған?

08.04.2026 11:32 Арман Ермеков
Тоқаевтың бір ауыз сөзінен кейін Құлыбаевтар бюджетке қыруар ақша аударған?
567
Құлыбаевтардың холдингі мемлекет қазынасына рекордтық сома берді. Фото: rus.team

Тимур және Динара Құлыбаевтарға тиесілі «АЛМЭКС» холдингі 2025 жылы мемлекет қазынасына 365 млрд теңгеден астам рекордтық қаражат аударған, деп хабарлайды Politico.kz.

Forbes Kazakhstan басылымының мәліметінше бұл қаражаттың басым бөлігі салық емес. Былтыр компания бюджетке 365,3 млрд теңге берсе, оның 363,1 млрд теңгесі салыққа жатпайтын төлемдер қатарына кірген. Ақша ақпан, тамыз және қараша айларында 3 рет аударылыпты. Салыстырмалы түрде алсақ, бұл көрсеткіш 2024 жылы 209,8 млн теңгені құраса, 2023 жылы 9,8 млрд теңге болған.

ENERGY MONITOR сараптамалық арнасы бұл аударым «АЛМЭКС» компаниясын еліміздегі ең ірі 3 салық төлеушінің қатарына қосқанын жазды. Құлыбаевтың айналасындағы адамдар бұл қыруар қаржы президенттің ірі бизнес өкілдеріне жасаған мемлекет пен қоғамның мәселесін бірге шешу туралы үндеуіне қолдау ретінде берілгенін жеткізген. Яғни ақша жол жөндеу, мектеп пен аурухана салу сияқты әлеуметтік мәселелерді шешу үшін тікелей республикалық бюджетке түскен.

Бұл ақпаратты «АЛМЭКС» холдингінің баспасөз қызметі де растап, мұндай қадамды әлеуметтік жауапкершілікпен байланыстырды.

«Холдинг президенттің үндеуіне жауап бере отырып, міндетті салықтардан бөлек қаржылық мүмкіндігіне қарай түрлі қайырымдылық жобаларына қатысып келеді және оны жалғастыра береді, біз мемлекеттік құрылымдарға да көмек көрсеттік және алдағы уақытта «Халық» қоры арқылы қайырымдылық жасауды тоқтатпаймыз», – деп хабарлады холдинг.

Айта кетейік, Тимур мен Динара Құлыбаевтар Forbes Kazakhstan журналының 2025 жылғы тізімінде $5,3 млрд байлығымен 4 орында тұр. Ал 2026 жылдың наурызында жаңарған әлемдік рейтингте ерлі-зайыптылардың байлығы $5,4 млрд бағаланып, ең бай адамдар тізімінде 780 орынға жайғасқан.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий