«Трамп енді Ресеймен соғыс жолына түсті»: Медведев Трампқа соғыс жариялағандай жауап қатты

Ресейдің бұрынғы президенті, қазіргі уақытта Ресейдің Әскери-өнеркәсіптік комиссиясы төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Медведев АҚШ президенті Дональд Трамптың соңғы шешіміне пікір білдірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Медведев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды:
«Трамптың Будапешттегі саммиттен бас тартуы. АҚШ-тың біздің елімізге қарсы жаңа санкциялары. Тағы не? Әйгілі «Томагавктардан» басқа жаңа қару бола ма?
Көптеген сарапшылардың арасында әлі де бір үміт оты болса – міне, алыңыздар. АҚШ – біздің қарсыласымыз, ал олардың сөзшең «бітімгері» енді Ресеймен соғыс жолына толықтай түсті. Иә, ол әзірге бандеровшыл Киевтің жағында белсенді соғыспайтын шығар, бірақ бұл енді есі ауысқан Байденнің емес, оның қақтығысы! Әрине, оның басқа амалы қалмады, оған Конгресте қысым жасады және т.б. деп айтатындар болады. Бұл ең басты нәрсені өзгертпейді: қабылданған шешімдер – бұл Ресейге қарсы соғыс әрекеті. Енді Трамп есінен адасқан Еуропамен толық ынтымақтасты.
Бірақ Трамп маятнигінің бұл кезекті қозғалысында айқын бір артықшылық та бар: енді қажетсіз келіссөздерге алаңдамай, барлық бандеровшыл тығылған жерлерге түрлі қарумен соққы беруге болады. Және жеңіске тек мүмкін болған жерде ғана жетуге ұмтылу керек. Кеңсе үстелінде емес, майдан даласында. Мағынасыз «мәмілелер» жасамай, жаудың көзін жою арқылы».
Еске салайық, бұған дейін Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен Будапештте жоспарланған кездесуін кейінге қалдырған болатын. Сонымен қатар АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін енгізді.
Жаңа шектеулер энергетика секторын қамтиды: санкция тізіміне «Роснефть», «Лукойл» және олардың Ресейдегі еншілес компаниялары кірді.
Соңғы жаңалықтар





