Түркістан облысында 500 теңгеге бола екі ағайындыны ұрып кеткен

19.03.2026 12:25 Арман Ермеков
Түркістан облысында 500 теңгеге бола екі ағайындыны ұрып кеткен
223
Фото: Qumash

Түркістан облысының полиция департаменті 500 теңгеге бола екі ағайындыны ұрып кеткен күдіктілердің ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратқа қарағанда оқиға Арыс қаласында ағайындының отбасына тиесілі дүкенде болған. Туыстарының айтуынша 12 наурыз күні 30 жастағы Алмасбек пен оның 16 жастағы інісі Сауран жұмыс істеп тұрған кезде 2 жігіт келіп сауда жасайды. Сатып алушылар берген 500 теңгелік купюраның жарамдылығына күмән келтірген Алмасбекке әлгі жігіттер ерегесіп, үлкендерді ертіп келетінін айтып кеткен. Арада 15 минут өткенде шамамен 10 шақты адам жиналып келіп, Алмасбектің қолын ұстап тұрып еден жуатын таяқпен ұрып-соққан. Оған араша түспек болған інісі Сауранды да есінен танғанша сабаған. Шабуыл жасағандар дүкен мүлкін бүлдіріп, тауарлардың бір бөлігін ұрлап кеткен.

Туыстары оқиғадан кейін ауруханаға түскен ағайындыларға күдіктілердің ата-аналары келіп қорқытқанын жеткізді. Сондай-ақ олар полицияның арызды толық қабылдамағанын және сот-медициналық сараптама қорытындысы шыққанша шабуылдаушылардың бостандықта жүргеніне шағымданған.

Аталған жайт бойынша Түркістан облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тәртіп сақшылары жанжалға қатысушылардың барлығын анықтап, екі күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамағанын жеткізді. 

«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында оқиғаға қатысушылар анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта адамдар тобы жасаған бұзақылық үшін жауапкершілікті көздейтін қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Жан-жақты және объективті тергеу үшін кешенді әрекеттер жүргізіліп жатыр. Зорлық-зомбылықпен немесе оны қолданамын деп қорқытумен ұласқан мұндай бұзушылықтар үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске саламыз», - деді ведомство өкілдері.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий