Түркістанда 4 баласымен жоғалған келіншек табылды

14.07.2026 14:48 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Түркістанда 4 баласымен жоғалған келіншек табылды
392
Фото: Түркістан облыс ПД

Түркістан облысының Отырар ауданында осыдан бір апта бұрын төрт баласымен бірге хабар-ошарсыз кеткен Ұлдана есімді келіншек аман-есен табылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін белгілі журналист Гүлмира Әбіқай көпбалалы ананың кенеттен жоғалып кеткені туралы дабыл қаққан еді. Түркістан облыстық Полиция департаменті редакциямызға сүйінші жаңалықты жеткізді. Ұлдана 4 баласымен бірге табылды.

Оқиға басында тұрғын жұбайының 6, 5, 3 жастағы және 10 айлық сәбиімен бірге үйден шығып кетіп, оралмағаны туралы полицияға арызданған. Осыдан кейін тәртіп сақшылары жедел іздестіру жұмыстарын бастап кеткен.

"Түркістан облысы Отырар ауданының тұрғыны жұбайының төрт баласымен бірге 7 күн бұрын үйден шығып кетіп, хабар-ошарсыз қалғаны туралы полицияға арызданды. Аталған дерек бойынша Түркістан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, жедел іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды", — деп хабарлады полиция.

Полицейлер ауданның кіреберісі мен шығаберіс бағыттарына бақылау бекеттерін қойып, автокөліктерді тексерген.

"Сонымен қатар көршілес аумақтарға арнайы бағыттамалар жолданып, іздеу шаралары күшейтілді. Азаматтарды аман-есен табуға бағытталған кешенді жедел іс-шаралар үздіксіз жүргізілді. Нәтижесінде жоғалған әйел балаларымен бірге таксимен келе жатқан жерінен анықталып, полиция бөліміне жеткізілді", — деді полиция.

Келіншектің мұндай қадамға баруына не себеп болғанын және оқиғаның қалай аяқталғанын полиция былай түсіндіреді:

"Тексеру барысында әйелдің күйеуімен арада болған тұрмыстық келіспеушіліктен кейін ренжіп, балаларын және құжаттарын алып, Шымкент қаласына кетіп қалғаны белгілі болды. Онда ешкімге айтпастан пәтер жалдап тұрғаны анықталды.
Қазіргі таңда жақын туыстары шақырылып, полиция қызметкерлері тарапынан профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Отбасы мүшелері өзара татуласып, үйлеріне аман-есен оралды".

Облыстың полицейлері іздеу жұмыстарына қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғыс білдіреді.

Войдите, чтобы оставить комментарий