Түркістанда бес баланың әкесін топтасып өлтіріп кеткен
Түркістан облысының Шұқырбұлақ ауылында 5 баланың әкесін көше ортасында өз ауылдастары пышақтап өлтірген, деп хабарлайды Politico.kz Информбюро телебағдарламасына сілтеме жасап.
Түлкібас ауданында орын алған кісі өлімінен кейін 32 жастағы Маханбет Тұрғанбектің жақындары марқұмды осыдан 10 күн бұрын жерлеген. Отбасының сөзіне қарағанда, қылмысты марқұмның өз ауылдастары жасаған, алайда күдіктілер әлі күнге дейін бостандықта жүр.
Марқұмның жұбайы Индира Көлбайдың айтуынша, күйеуін түнде досы үйден алып кетіп, арада 1,5 сағат өткенде қайғылы хабар жеткен. 12 жыл отасқан күйеуінің мүрдесін ауруханада көрген әйел оны танымай қалғанын жеткізді.
«Денесіне адам қарайтындай күйде болған жоқ. Басының бәрін жарып тастаған. Аяқ-қолының саусақтарының барлығы ісініп, көтеріліп, ісіп кеткен. Қолында екі жерінен пышақпен жарақат салынған. Кеңірдектің үстіңгі жағынан да пышақ сұғылған. Менің күйеуім жанталасқан мойнындағы қанын ұстап. Қайта-қайта қанын сүртіп, кері қарай шегініп барып құлайды. Сол құлағанын бес бала да өз көзімен көріп, парктен шығып кетіп қалады», – деді марқұмның жұбайы Индира Көлбай.
Азаматтың өмірімен қоштасар алдындағы сәті көшедегі бейнекамераға түсіп қалған. Марқұмның анасы Пакизат Алтынбекованың мәліметінше, жазбада бір топ адамның жол ортасында жігітті жерге жатқызып қинағаны көрінеді. Ол қаншама рет қашып құтылуға ұмтылғанымен, шабуылдаушылар оны жібермеген, ал маңайдағы дәріхана қызметкерлері де араша түсуге асықпаған.
«Менің балам жер қойнауында, қара жерде жатыр. Қалғандарының барлығы үйлерінде тамақ ішіп, ойнап-күліп жүр. Менің балам қара жерде жатыр. Бес баласы қалды артында. 40-нан шықпаған баласы бар. Бір баланы Шымкентке СИЗО-ға әкетті дейді. Тапсырыспен жасалған өлім бұл жерде. Тапсырыс берген баланы босатып жіберген. Ол үйінде жатыр тамақ ішіп, жылы төсекте», – деді марқұмның анасы Пакизат Алтынбекова.
Отбасы барлық дәлелдер бола тұра күдіктілердің толық қамалмағанына наразылық білдіруде. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін Маханбет Тұрғанбек оқиғаның ертеңіне жұмысқа кетуі тиіс болған. Қазіргі уақытта марқұмның артында бесіктегі сәбиі мен 4 баласы қалды. Бұл оқиғаға қатысты Түркістан облысының полиция департаментіне сұрау салынғанымен, әзірге ресми жауап берілмеген.
Соңғы жаңалықтар