Дарын Мубаров: Балшыға бару — қате, тек Алладан сұрау керек

04.08.2026 23:17 Томирис САҒЫНДЫҚ
Дарын Мубаров: Балшыға бару — қате, тек Алладан сұрау керек
69
Фото: видеодан скриншот

Уағызшы Дарын Мубаров өзін теріс жолда жүр дегендерге жауап берді. Оның айтуынша, мәселе діни білімнің сауатты жеткізілмеуінде болып жатыр. Сондай-ақ, ол "Ваххабит" сөзін өзі қалай түсінетінін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында әңгімеледі.

«Ваххабит» деген сөзді алғаш 1996 жылы естідім. Оған дейін 1994 жылы Қажыбұлақ мешіт-медресесінде оқып жүргенімде, Халифа Алтай ағамыздың Құран аудармасын қазақ тілінде үш рет оқып шықтым. Ол кезде арабша білмейтінмін. Оқып түйгенім: Құранның басты бұйрығы — Бір Аллаға ғана сену. Одан бөлек пайғамбарға, періштеге, әулиеге, ай мен күнге немесе аруаққа сиыну дұрыс емес деп есептеледі. Мұғалімнің баласы болғандықтан, кез келген нәрсеге соқыр сеніммен емес, оқып-түсініп қарауға тырысатынмын. Сол кезде байқағаным: намаз оқитындардың, тіпті имамдардың арасында да мен сияқты ойлайтындар бар екен, бірақ олар аз еді, шамамен 50-де 50 деуге болады. Ол заманда көпшілігі, тіпті кейбір имамдардың өзі әулие аралап, басына түнеп, тілек тілейтін. Құранды оқығаннан кейін мұндай істердің дұрыс емес екеніне көзім жетті», — деді Дарын Мубаров.

Ары қарай ол көріпкелдік пен балшылыққа қатысты пікірін бөлісті. Айтуынша, мұның барлығы Аллаға серік қосумен тең.

«Одан кейін хадистерді оқи бастадым. Шариғат бойынша көріпкелдік пен бал ашуға қатаң тыйым салынатынын ұқтым. Балшылықпен айналысу — қасиет емес, қасірет екенін түсіндім. Осы ойларымды елге жайлап айта бастадым: "Алладан ғана сұрауымыз керек, балшыға бару — дұрыс емес" дедім. Біреулер келіссе, біреулер келіспеді. Көп ұзамай Қырғызстанға барып білім алдым. Оқудан оралған соң, Қызыл жұлдыз ауылының бас имамы маған: "Сен ваххабитсің, ата-бабаңның жолынан бас тартқансың" деді. Ол кезде ваххабизмнің не екенін де түсінбейтінмін. "Бұл не қылған айып?" деп таңғалдым. Кейін ұқсам, Бір Аллаға сенуге шақыруды "ваххабизм" деп қабылдайды екен. Ал негізінде ол — Алланың бұйрығы. Кейін араб тілін үйреніп, Құранды, хадистерді және пайғамбарлардың өмірбаянын түпнұсқада оқығанда көзім анық жетті: діннің негізі — Бір Аллаға сену», — деді Дарын Мубаров.

Дарын Мубаровтың пікірінше, «дәстүрлі жолдың бәрін жоққа шығарады» деу — артық айтылған сөз.

«Кейде мынадай жағдайларды байқаймын: біз "Аруаққа сиынуға болмайды" десек, артымыздан "Аруақты жоққа шығарып жатыр" деген сөз тарайды. "Аруақты жоқ деу" — жала, ал "Аруаққа сиынуға болмайды" деу — шындық. Адамдар кейде ақ пен қараны ажыратпай, асығыс байлам жасайды. Сонымен қатар, біз: "Құран оқып, сауабын өлілерге бағыштаймыз, бірақ Құранның негізгі мақсаты — тірі адамзатқа тәлім-тәрбие беру" деп айтамыз. Осы кезде де "Дарын өлілерге Құран оқуға болмайды деді" деп бұрмалайды. Біз "болмайды" демейміз, тек Құранның түсуіндегі басты мақсат бұл емес екенін айтамыз», —  деді уағызшы.

Войдите, чтобы оставить комментарий