«Украина емес»: Елші қазақ мұнайы тиелген танкерлерге жасалған шабуыл туралы бар шындықты жайып салды
Украина Қазақстан мұнайын тасымалдаған танкерлерге шабуыл жасамағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазақстандағы Украина елшісі Виктор Майко Қазақстан мұнайын тасымалдаған танкерлерге жасалған шабуылдарға Украинаның қатысы бар екенін жоққа шығарды.
Дипломаттың айтуынша, қазіргі уақытта шабуылдарды Украина тарапы жасағанын растайтын нақты дәлел жоқ. Бұл туралы Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко The Times of Central Asia басылымына берген пікірінде айтты.
Украина елшісі КҚК танкерлеріне жасалған шабуыл туралы не деді?
Украина елшісі кез келген қорытынды тек нақты әрі расталған фактілерге сүйенуі керек екенін атап өтті.
«Бүгінде бұл шабуылдарды Украина тарапы жасағанын дәлелдейтін ешқандай айғақ жоқ. Сондықтан Украинаға қатысты тікелей немесе жанама түрде асығыс әрі негізсіз айыптаулардан бас тартуға шақырамын», – деді Виктор Майко.
Дипломаттың сөзінше, Украина бұған дейін Ресей тарапынан, оның ішінде украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып, арандатушылық әрекеттер жасалуы мүмкін екенін ескерткен.
Оның айтуынша, Ресейдің радиоэлектрондық күрес жүйелері украиналық дрондардың жұмысына кедергі келтіріп қана қоймай, оларды істен шығаруға немесе кей жағдайда басқаруды өз қолына алуға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Майко Ресейдің дрондарды арандатушылық мақсатында пайдаланып, кейін болған оқиға үшін Украинаны кінәлауы мүмкін деген нұсқаны да мұқият тексеру қажет деп санайды.
Виктор Майко халықаралық құқық талаптарын сақтауға шақырды
Украина елшісі соғыс жағдайында халықаралық құқықтың негізгі қағидалары сақталуы керектігін айтты.
Ол бейбіт тұрғындарды өлтіруге, балаларды, әйелдер мен қарттарды азаптауға, азаматтық инфрақұрылымды әдейі қиратуға және халықты өмір сүруге қажетті жағдайлардан айыруға болмайтынын атап өтті.
Сондай-ақ дипломат жараланған адамдарға көмек көрсетуге барған құтқарушылар мен медицина қызметкерлеріне шабуыл жасауға, жедел жәрдем көліктеріне оқ атуға және химиялық қаруды қолдануға жол берілмейтінін айтты.
Виктор Майко мұндай әрекеттер халықаралық құқық нормаларына қайшы келетінін және кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылуы тиіс екенін жеткізді.
Виктор Майко Украина тарапының Қазақстанға қатысты ұстанымы өзгермегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Украина Қарулы күштері азаматтық нысандарға, соның ішінде Ресей аумағындағы азаматтық инфрақұрылымға соққы жасауды көздемейді.
«Қазақстан, оның азаматтары, инфрақұрылымы мен экономикалық мүдделері Украина тарапынан ешқашан әскери нысана ретінде қарастырылған емес және қазір де қарастырылып отырған жоқ. Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына немесе Қазақстанның басқа да экономикалық және энергетикалық нысандарына жасалған кез келген шабуыл Украина мүддесіне сай келмейді», – деді елші.
Сонымен бірге ол Украинаның Қазақстанды дос мемлекет әрі Орталық Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.
«Украина мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас өзара құрмет, сенім және сындарлы диалог негізінде одан әрі дами беретініне сенімдіміз», – деп түйіндеді Виктор Майко.
Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымы арқылы мұнай тасымалдаған азаматтық кемелерге жасалған дрон шабуылдарын қатаң айыптаған болатын.
Соңғы жаңалықтар