Украинада «Маша мен Аю» мультфильміне тыйым салынады

21.08.2026 14:47 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Украинада «Маша мен Аю» мультфильміне тыйым салынады
133
Фото: ашық дереккөз

Украина президенті Владимир Зеленский ресейлік «Маша мен Аю» анимациялық сериалын жасаушыларға қарсы санкция енгізді. Бұл шешім ел аумағында мультфильм көрсетіліміне тыйым салуға жол ашады, деп хабарлайды Politico.kz порталы DW-ке сілтемемен.

20 тамыз бейсенбі күні кешке Украина басшысының ресми сайтында тиісті жарлық жарияланды. Шектеу шаралары сериалды түсірген «Анимаккорд» студиясына қатысты қолданылады. Сонымен қатар тізімге бес Ресей азаматы кірді. Олардың қатарында студияның негізін қалаушы әрі бас директоры, сценарий авторы және туындыға құқық иесі бар.

Украина президентінің сайтында бұл шешімнің себебі түсіндірілген. Мәліметке сүйенсек «Маша мен Аю» елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Өйткені ол балалар контенті ретінде бүркеніп, ресейшіл көзқарастарды таратады. «РБК-Украина» басылымының жазуынша бұл қадам мультсериалды Украинада көрсетуге толықтай тыйым салмақ.

Сол күні кешке Владимир Зеленский тағы үш жарлыққа қол қойды. Олар Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің Ресейге қарсы санкцияларына қатысты қабылданған. Шектеулер Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешені кәсіпорындарына және шенеуніктеріне бағытталған. Бұдан бөлек тізімге Олег Дерипасканың «Русал» тобына кіретін компаниялар мен жеке тұлғалар енгізілді.

Естонияның сыртқы істер министрі Маргус Цахкна 2026 жылдың маусым айында бұл мультфильмді Кремльдің жұмсақ күшінің бір бөлігі деп атаған еді. Оның сөзіне қарағанда сериал балаларға арналған ойын-сауық контентіне кремльдік және милитаристік хабарламаларды сіңіреді. Осылайша ол ресейлік агрессия мен имперлық амбицияларды қалыпты жағдай ретінде көрсетеді.

Сол айда Deadline басылымы Netflix стримингтік алып платформасы туралы ақпарат таратты. Компания «Маша мен Аю» жобасының жаңа екі маусымын көрсету құқығын сатып алған. Оған қоса жарық көрген маусымдар мен спин-оффтар бойынша келісімді ұзартқан.

Войдите, чтобы оставить комментарий