Украинада тұтқында отырған қазақстандықтардың саны айтылды

05.06.2026 16:03 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Украинада тұтқында отырған қазақстандықтардың саны айтылды
146
Фото: © Абзал Бахытжанов / Politico.kz

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қазіргі уақытта Украина аумағында 12 азаматымыздың әскери тұтқын мәртебесінде отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды NewTimes.kz ақпараттық агенттігі.

Бұған дейін украиналық «Хочу жить» жобасы Ресей жағында соғысып тұтқынға түскен қазақстандықтың бейнеүндеуін жариялаған болатын. Ер адам 23 айдан бері қамауда отырғанын және осы уақытқа дейін екі ел арасындағы алмасу тізіміне ілінбегенін айтып шағымданған.

Осыдан кейін NewTimes.kz Сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жолдап, тұтқындардың тағдыры мен мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек туралы сұраған.

«Украина тарапынан алынған ақпарат бойынша қарулы қақтығыс аймағында Қазақстан азаматтарының болу фактілері тіркелді, оның ішінде әскери тұтқын мәртебесіне ие 12 азаматымыз туралы мәлімет бар, осыған орай министрлік пен шетелдегі дипломатиялық өкілдіктер консулдық мәселелер бойынша шетелдік құзыретті органдармен тұрақты байланыста», — деп жауап берді СІМ.

Алайда ведомство қазақстандықтарды Ресей мен Украина арасындағы алмасу тізіміне қосу бойынша келіссөздер жүріп жатқанын нақтыламады және көмек сұраған туыстардың санын ашып айтқан жоқ. Есесіне шет мемлекеттердегі қақтығыстарға қатысқаны үшін елде қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын қатаң ескертіп, халықты тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.

«Шетелде көмек қажет ететін жағдай туындаса, азаматтарымыз дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелерге жүгіне алады, олар өз құзыреті аясында қажетті қолдау көрсетеді», — делінген жауапта.

Войдите, чтобы оставить комментарий