Ұлттық банк Жаңа Конституцияға арналған коллекциялық монетаны айналымға шығарады
Қазақстан Ұлттық банкі еліміздің жаңа Негізгі заңына арналған «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ» коллекциялық монетасын таныстырды. Жаңа нумизматикалық өнім «Айрықша оқиғалар мен адамдар» сериясы аясында жарық көрді, деп хабарлайды Politico.kz сайты kursiv сайтына сілтеп.
Бұл монета 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданып, биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Конституциясы құрметіне соғылған. Монеталарды сату 19 тамыздан бастап Ұлттық банктің ресми интернет-дүкені арқылы жүзеге асырылады.
Коллекциялық монетаның номиналы 1 000 теңгені құрайды, ал жалпы таралымы небәрі 1 мың данамен шектелген. Ол proof сапасымен 925 сынамалы күмістен жасалып, әрлеу кезінде алтын жалату және интерференциялық кемпірқосақ жабыны технологиялары қолданылған. Монетаның салмағы — 31,1 грамм, өлшемі — 35×45 мм.
Ұлттық банктің хабарлауынша, аталған коллекциялық монеталар Қазақстанның бүкіл аумағында өзінің номиналды құнына сәйкес төлемнің барлық түрі бойынша міндетті түрде қабылданады. Сондай-ақ оларды кез келген банкте шотқа салу, аудару, ұсақтау және айырбастау үшін пайдалануға толық болады.
Соңғы жаңалықтар