Ұлытау облысының газ тарифін Қарағанды облысы бекітетіні жайлы әкім естімеген болып шықты
Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған баспасөз мәслихатында аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Ұлытау облысының тарифтеріне қатысты қойылған сауалға жауап берді, деп хабарлайды POLITICO.KZ тілшісі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жезқазған қаласының тұрғындары газ бағасына қатысты өткен жиында нақты жауап ала алмағанына наразылық білдірген болатын. Ол кездесуде әкім орынбасары, монополияға қарсы комитет және «QazaqGaz» өкілдері жауапкершілікті бір-біріне сілтеп, тұщымды түсініктеме бермеген. Тұрғындардың айтуынша, сол жиында монополияға қарсы комитет өкілі Ұлытау облысы үшін газ тарифін Қарағанды облысының әкімдігі бекітетінін ашық мәлімдеген.
Осыған орай, бүгінгі баспасөз мәслихатында тілшіміз облыс әкіміне төтесінен сауал қойды: Бұл ақпарат расымен шындыққа жанаса ма? Егер Қарағанды әкімдігі тарифті бекітетін болса, Ұлытау жұртшылығының пікірі ескеріле ме? Сондай-ақ, осы тарифтік мәселеден туындаған әлеуметтік шиеленіске Қарағанды әкімдігі қандай жауапкершілік арқалайды?
Алайда, аймақ басшысы бұл мәселеден мүлдем бейхабар екенін жеткізді. Облыс басшысы бұл жағдайды анықтау қажеттігін айтып, мән-жайды департаменттен білетінін уәде етті.
«Мен бұл сұрақты анықтайын. Біз енді Ұлытау облысына тарифті бекітпейтін шығармыз. Бірақ мен білейін департаменттан. Мұндай сұрақ туындаған жоқ, біздің назарда болған жоқ», — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Соңғы жаңалықтар