Университет проректоры жазадан құтылғанымен, жаңа қылмыстық іске ілікті

30.01.2026 19:39 Арман Ермеков Арман Ермеков
Университет проректоры жазадан құтылғанымен, жаңа қылмыстық іске ілікті
379
Фото: auezov.edu.kz

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бұрынғы бірінші проректоры Қайрат Нұрманбетовке қатысты сот үкімі өзгертілді, деп хабарлайды Politico.kz

Бұл туралы Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасының шешімінен белгілі болды.

Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасы бірінші сатыдағы соттың үкімін қайта қарады. Бұған дейін Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Нұрманбетовті қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды және салғырттық танытты деп танып, оны 5 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Алайда апелляциялық алқа бұл шешімді өзгертті.

Іс материалдарына сәйкес айыптау екі негізгі эпизодтан тұрды. Бірінші эпизод бойынша Нұрманбетов 2022 жылы университеттің шаруашылық қамтамасыз ету департаменті басшысының әрекетін тексерместен, мемлекеттік сатып алуларды конкурс өткізбей, бір көзден алу тәсілімен келісімшарттарға қол қойған. Кейін ол қаржы департаментінің басшысына үш жеке кәсіпкерге 140 миллион теңгеден астам қаражат аударуды тапсырған. Тергеу барысында оның 13 миллион теңгесі жымқырылғаны анықталды. Бұл қаражатты ұрлауға университеттің екі департамент директоры және екі кәсіпкер қатысқан.

Апелляциялық сот Нұрманбетовтің әрекетін салғырттық деп таныған бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертпеді. Дегенмен қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімінің өтуіне байланысты Нұрманбетов жазадан босатылды. Ал оның қарамағында жұмыс істеген екі қызметкердің жазасы жеңілдетіліп, нақты бас бостандығынан айыру жазасы шартты мерзімге ауыстырылды.

Екінші эпизод 2024 жылы Нұрманбетов уақытша ректор қызметін атқарып жүрген кезге қатысты болды. Ол университеттің бас ғимаратының бесінші техникалық қабатын жөндеу туралы шешім қабылдап, тендер жарияламай, екі серіктестік және екі жеке кәсіпкермен 116 миллион теңгеге келісімшарт жасасқан. Айыптаушы тарап бұл әрекеттен университетке ірі көлемде материалдық залал келді деп есептеген.

Алайда апелляциялық алқа бұл эпизод бойынша жымқыру дерегі дәлелденбеді деген қорытындыға келді. Сараптама бөлінген қаражаттың толығымен ғимаратты жөндеуге жұмсалғанын көрсетті. Сонымен қатар келтірілген деп танылған залал толығымен өтелген. Осыған байланысты сот Нұрманбетовті екінші эпизод бойынша ақтады.

Апелляциялық алқаның шешімімен жазадан құтылғанына қарамастан, Нұрманбетов қазіргі уақытта тағы бір жаңа іс бойынша жауапкершілікке тартылып жатыр. Ол университеттің бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша айыпталушылардың қатарында.

Тергеу мәліметі бойынша университеттің бірқатар лауазымды тұлғалары мердігерлермен алдын ала сөз байласып, мемлекеттік сатып алу бағасын қолдан қымбаттатқан. Мысалы, нарықтағы құны 200 мың теңге тұратын кресло құжат жүзінде 20 миллион теңгеге сатып алынған деп көрсетілген. Кейбір тауарлар мүлде жеткізілмеген, ал ескі мүлік жаңа тауар ретінде рәсімделген.

Нұрманбетов пен өзге де тұлғалардың әрекетінен мемлекетке 321 миллион теңге шығын келтірілген. Күдіктілер келтірілген шығынның 264 миллион теңгесін өз еркімен қайтарды. Қазіргі уақытта олардың бірнеше үйі, көліктері және банк шоттары бұғатталып, іс сотқа жолданды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий