ҰҚК ұстап берген алаяқтар үшін Корея басшысы Тоқаевқа алғыс айтты
Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Х әлеуметтік желісінде Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы алғыс білдірді. Ол сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетіне халықаралық қылмыскерлерді ұстауға көмектескені үшін ризашылығын жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.
Корея басшысының айтуынша, алаяқтар Қазақстанға Камбоджа мен Вьетнам арқылы жасырын кірген. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, адамдарға қарсы телефон алаяқтығымен айналысқан.
«Қылмыстық топ мүшелері ұсталғаннан кейін екі апта ішінде толықтай елге қайтарылды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді Ли Чжэ Мён.
Ол ұстау шарасынан бастап елге жеткізуге дейінгі жұмыстың өте жедел атқарылғанын атап өтті.
«Бұл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белсенді қолдауының арқасында мүмкін болды», – деді Корея басшысы.
Сондай-ақ ол келесі айда өтетін «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде Тоқаевпен жеке жүздесуді жоспарлап отыр. Бұл кездесуде ол өз алғысын бетпе-бет жеткізгісі келетінін жазды.
«Азаматтарымыздың қауіпсіздігіне қатер төндіретін қылмыстарға қарсы ешқандай жеңілдік жасалмайды. Қай жерде жасырынса да міндетті түрде тауып заңмен жазалаймыз», – деді ол.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 23 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Оңтүстік Кореяның 14 азаматын құрықтаған болатын. Олар ұйымдасқан топ құрамында телефон алаяқтығы мен дауыстық фишинг жасады деген күдікке ілінді. Тінту барысында күдіктілерден ноутбуктер мен телефондар және өзге де техника тәркіленді.
Соңғы жаңалықтар