Үш адамның өмірін қиған Қазмырыштағы қанды жарылыстың себебі маусым айында ғана жарияланбақ

28.05.2026 14:52 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Үш адамның өмірін қиған Қазмырыштағы қанды жарылыстың себебі маусым айында ғана жарияланбақ
72
Фото: ашық дереккөз

Өскемендегі «Қазмырыш» зауытында үш адамның қазасына әкеп соққан жарылыстың нақты себептері маусым айында белгілі болады, деп хабарлайды Politico.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев Мәжіліс кулуарында апатты тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатқанын, бұл іске арнайы ғалымдар тартылғанын мәлімдеді.

«Біз бұған жан-жақты келдік, жарылыстың жалпы қалай болғанын түсіну үшін университеттерден ғалымдарды тартып жатырмыз, сондай-ақ нәтижесін міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдарына жариялаймыз, ал мерзімі бойынша, менің ойымша, маусым айы», – деді Ербол Тұяқбаев.

Еске салайық, 2026 жылдың 5 мамырында таңертең Өскемен металлургия кешеніндегі шаң ұстағыш қондырғыда газ-ауа қоспасы жарылып, оның арты 120 шаршы метр аумақты шарпыған өртке ұласты. Қайғылы оқиға кезінде екі жұмысшы оқиға орнында көз жұмып, тағы біреуі ауруханада алған ауыр жарақатынан қайтыс болды.

Апат салдарын жоюға 40-тан астам құтқарушы мен 10 арнайы техника жұмылдырылып, жағдайды премьер-министр Олжас Бектенов жеке бақылауына алды. Компания өкілдері ауаға қауіпті заттар таралмады деп сендіргенімен, «Қазгидромет» мамандары қала ішінде хлорлы сутектің рұқсат етілген шектен 1,8 есе асып түскенін анықтады. Осы орайда қала тұрғындары ауаның ластануынан асқазан аурулары мен мұрын-жұтқыншақ жолдарының күйіп қалуына шағымдана бастады.

Войдите, чтобы оставить комментарий