Ұятсыз әңгіме айтқан: Ақтөбелік әйел тікелей эфирде былапыт сөйлегені үшін жауапқа тартылды
Ақтөбеде тікелей эфир барысында кішкентай қызының өтінішіне қарамастан, былапыт сөйлеп, интимдік өмірін талқылаған 32 жастағы Мөлдір Әуезова жауапқа тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Әйелдің TikTok желісіндегі тікелей эфирі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бейнежазбада оның бірнеше ер адаммен бірге алкогольді ішімдік ішіп отырғаны байқалады.
Трансляция кезінде ол жүздеген көрерменнің алдында төсек қатынасы туралы ашық айтқан. Сөйлеу барысында толассыз балағат сөздер қолданған.
Бұл эфирді оның кішкентай қызы да көріп отырған. Қыз бала анасына хабарлама жазып, трансляцияны тоқтатуды өтінген. Ол өзінің қатты ұялып тұрғанын жеткізуге тырысқан.
Әйелдің таныстары да қызының қарап отырғанын ескертіп, арнайы хабарлама жіберген. Алайда ол бұл сөздерге құлақ аспай, тікелей эфирді әрі қарай жалғастыра берген.
Кейін бейнежазба тәртіп сақшыларының назарына ілікті. Ақтөбе облысының полиция департаментінің хабарлауынша, тексеру барысында видео авторының жеке басы анықталып, оған қатысты материалдар жиналды.
Құқық қорғаушылар оның әрекетін ұсақ бұзақылық деп бағалады. Оған кәмелетке толмаған баласының тәрбиесіне қатысты ата-аналық міндетін тиісінше орындамады деген айып та тағылды.
Іс материалдары қаралғаннан кейін сот шешімі шықты. Мөлдір Әуезоваға 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Полиция әлеуметтік желілердің жалпыға бірдей қолжетімді қоғамдық кеңістік екенін еске салады. Сондықтан желі қолданушыларының кез келген әрекеті Қазақстан заңнамасы аясында қаралады.
Соңғы жаңалықтар