Жалақы өссе де, неге ақша жетпейді: Сарапшы кедейліктің басты себебін атады
Соңғы жылдары қазақстандықтардың жалақысы қағаз жүзінде өскенімен, халықтың басым бөлігі өзін бай сезінбейді. Керісінше, жұрт қарызға батып, айлықтан айлыққа әрең жетіп жүр. Неліктен бұлай? Бұл парадокстың сырын Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының сарапшысы Тоқтасын Бақберген economyKZ.org порталында түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Қарапайым мысал келтірейік. 2020 жылы сіздің айлығыңыз 200 мың теңге болды делік. Ол кезде азық-түлік, коммуналдық қызмет, жол пұл мен киім-кешекке шамамен 150 мың теңге кететін.
Барлық міндетті төлемдерден кейін қалтаңызда 50 мың теңге қалатын. Бұл қаражатты демалысқа, денсаулыққа немесе жинақ қорға салуға болатын еді. Яғни, адамда белгілі бір деңгейде қаржылық еркіндік бар-тұғын.
Ал қазір ше? Жалақыңыз 350 мың теңгеге дейін көтерілді. Табыс 1,8 есеге артты, жағдай жақсарған сияқты көрінеді. Бірақ бұрынғы 150 мың теңгелік шығыныңыз қазір 320 мың теңгеге жетті.
Нәтижесінде, айлық өскенімен, қолыңызда қалатын «еркін ақша» 50 мыңнан 30 мыңға қысқарды. Яғни, табыс артқанымен, өмір сүру еркіндігіңіз шектелді. Сарапшының айтуынша, экономикада жалақының қанша теңгеге өскені емес, оның нақты сатып алу қабілеті әлдеқайда маңызды.
Инфляция – бұл статистикалық есептегі жай ғана 8% немесе 10% емес. Бұл – адам мүмкіндігінің тарылуы. Баға өскен сайын біз алдымен дәмханаға баруды доғарамыз, сосын жаңа техника алуды кейінге шегереміз. Уақыт өте келе денсаулық пен білімге жұмсалатын ақшаны қысқартуға мәжбүр боламыз.
Ең ауыры сол, бағаның қымбаттауы адамның жоспарларын жояды. Адамдар бірнеше жылға жоспар құруды қойып, «келесі айлыққа дейін қалай жетемін» деген қысқа мерзімді уайыммен өмір сүре бастайды.
Біреу баспана алуды ұмытады, екіншісі балалы болуды кейінге қалдырады. Ал енді бірі тұрақты табыстан айырылудан қорқып, өзі жек көретін жұмыстан шыға алмай байланады. Болашаққа деген сенім жоғалады.
Қорыта келгенде, Ұлттық банк бекітетін базалық мөлшерлеме, теңге бағамы немесе инфляция – жай ғана терминдер емес. Бұл – сіздің міндетті шығындардан кейін «қаншалықты өмір сүре алатыныңызды» анықтайтын көрсеткіштер. Егер жалақыңыз өсіп, бірақ еркін жұмсайтын ақшаңыз азайып бара жатса, демек экономикалық өсім әзірге тек қағаз жүзінде ғана қалып отыр.
Соңғы жаңалықтар