Жамбыл облысында полиция майоры ұсталды

15.09.2026 12:40 Әсел МҰРАТ
Жамбыл облысында полиция майоры ұсталды
109
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Жамбыл облысында заңсыз көші-қон ұйымдастырған полицей ұсталды. Тергеу соты полиция майорын екі айға қамауға санкция берді, деп хабарлайды Politico.kz Hronika.kz-ға сілтеме жасап.

Бұл жағдай туралы ақпарат Instagram-пабликтердің бірінде жарияланған. Жазбада Рысқұлов аудандық полиция бөлімінің көші-қон полициясында қызмет ететін майор Медеу Әдепбайдың 540 мың теңге пара алып жатқан жерінен ұсталғаны айтылған.

Hronika.kz редакциясы ақпаратты растау немесе жоққа шығару, сондай-ақ мәлімет расталған жағдайда істің мән-жайын нақтылау үшін облыстық прокуратураға сауал жолдаған.

Басылым сауалына облыс прокурорының бірінші орынбасары Азамат Күреңкей жауап берді. Оның айтуынша, 2026 жылы 27 тамызда ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаменті Қылмыстық кодекстің 394-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді тіркеген. Бұл бап заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға қатысты. Атап айтқанда, қылмыс бірнеше рет жасалған немесе қызметтік өкілеттікті пайдалану арқылы не адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған жағдайларды қамтиды.

Азамат Күреңкейдің мәліметінше, тергеу барысында Т.Рысқұлов аудандық полиция бөлімінің көші-қон тобының инспекторы М.Әдепбай Р.Аманғазиевпен алдын ала сөз байласқаны анықталған.

Прокуратура өкілінің мәліметінше, күдіктілер ақшалай сыйақы үшін Өзбекстан азаматтарына Қазақстан аумағында уақытша тұруға рұқсат құжаттарын рәсімдеген.

Сотқа дейінгі тергеу басталғаннан кейін екі күн өткен соң полиция қызметкері ұсталған. Ал келесі күні Тараз қаласының мамандандырылған тергеу соты оған қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпас шараны санкциялаған.

Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Тергеу органдары істің барлық мән-жайын анықтап, тараптардың уәждерін тексеруге бағытталған қажетті процессуалдық әрекеттерді жүргізуде.

«Тергеу нәтижесі бойынша қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады Азамат Күреңкей.

Сонымен қатар прокуратура өкілі күдіктінің кінәсі заңды күшіне енген сот актісімен ғана анықталатынын атап өтті.

Войдите, чтобы оставить комментарий